Қазақстанда тоғыз мемлекеттің жаңадан сайланған елшілері дипмиссиясына кірісті

Қазақстанда 9 мемлекеттің жаңадан тағайындалған елшілері ресми түрде өздерінің дипломатиялық миссияларына кірісті.

Олар бүгін Ақорда резиденциясында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамоталарын салтанатты түрде табыстады. Кездесу барысында Президент еліміз жаһандық және өңірлік деңгейдегі тыныштық пен қауіпсіздікті қолдауға бағытталған бейбітсүйгіш саясат ұстанатынын жеткізді. Бұл Қазақстанның сыртқы саясаттағы басты бағдары.

Қазақстан әлемге бейбітшілікті ту еткен мемлекет ретінде танылған. Бүгін жаңадан тағайындалған 9 елдің елшісінен сенім грамоталарын қабылдаған Президент осы ұстанымды тағы бір мәрте растады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан әлемдік ауқымдағы іс-шаралар мен кездесулерге ұйытқы бола отырып, халықаралық аренадағы белсенді ойыншыға айналды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Еліміз жаһандық жəне өңірлік деңгейдегі тыныштық пен қауіпсіздікті қолдауға бағытталған бейбітсүйгіш саясат ұстанады. Бұл Қазақстанның сыртқы саясаттағы басты бағдары. Қазақстан əлемдік ауқымдағы іс-шаралар мен кездесулерге ұйытқы бола отырып, халықаралық аренадағы белсенді ойыншыға айналды. Өңірдегі ірі экономикасы бар ел ретінде түрлі мемлекеттерден инвестицияны көптеп тартып отыр. Сондай-ақ Қазақстан нарығы экономикалық ынтымақтастыққа ашық.

Қазақстанда өздерінің дипломатиялық миссиясын 9 елдің өкілі ресми түрде бастады. Олардың қатарында шығыстағы көршіміз Қытай, Кипр Республикасы, Жапония, Австрия, Словения, Дания сынды мемлекеттер бар. 

Йеспер Вар, Дания Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Дания мен Қазақстан географиялық тұрғыда алшақ орналасқанымен біздің бірқатар мәселелердегі ортақ мүдделеріміз бар. Жуырдан Дания БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі атанды. Осы ретте біздің ел қауіпсіздік мәселесіндегі Қазақстанның жұмысына баса мән береміз. Қазір осы елде Данияның көптеген компаниялары сәтті жұмыс істеп жатыр. Бұл ынтымақтастық әрі қарай да дами түседі деген сенімдемін.

Қай ел болмасын өз экономикасын дамытып, оған көп көлемде инвестиция тартуды көздейді. Бүгін елшілермен кездесу барысында да Президент Қазақстан нарығы экономикалық ынтымақтастыққа ашық екенін мәлімдеді. 

Хань Чуньлинь, ҚХР Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Біз көп жылдық дос әрі әріптес болып келеміз. Соңғы жылдары стратегиялық қарым-қатынасымыз да жақсы дами түсті. Бұған әрине қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай төрағасы Си Цзинпиньнің әріптестігі зор сеп болды. Қазір қос халық арасындағы да достық беки түскен.

Елдестірмек елшіден. Кездесу соңында Президент елшілерді ресми түрде дипломатиялық миссияларының басталуымен құттықтап, мемлекет басшыларына ыстық ықыласын жеткізді.

Риат Шони