Ақмола облысының тұрғындары «EXPO-2017» халықаралық көрмесін тамашалауға үлкен қызығушылық танытып отыр. Бүгінде халықаралық көрмеге 30 мыңнан астам ақмолалық билет сатып алған. Жалпы өңірден шамамен 100 мың адам қатысады деген болжам бар. Әйтсе де жауапты мамандар: «Аймақтан көрмені тамашалауға баратындар саны әлі де артады», – дейді. Көрмені тамашалағысы келетіндердің көш басында Көкшетау және Степногорск қалалалары мен Целиноград ауданы тұр. Билет құны 4 мың теңгеден басталады. Ақмола облысы – еліміздегі ең танымал туризм орталықтарының бірі. Аймақтағы жүзге жуық туризм нысаны бүгінде халықаралық шараға қызу дайындық жүргізіп жатыр. Қазірдің өзінде өңір бойынша EXPO қонақтары үшін 30 туристік бағыт ұйымдастырылды. Елімізге келетін шетелдік меймандарды тасымалдаумен аймақтың 68 туркомпаниясы айналысады. Шынарбек Батырханов, облыстық туризм басқармасының басшысы: -Жазғы уақытта Бурабайдың өзіне 500 мыңнан астам турист келеді. Соның 100 мыңын ЭКСПО-ға апаруымыз керек деген өз алдымызға мақсат қойып отырмыз. Қазіргі кезде біз жастардың көрмеге қатысуына көп көңіл бөлуіміз керек. Оларға сондай мүмкіншілік туғызуымыз қажет. Тек қана мектептердің өзінен 20 мыңнан астам оқушы барайын деп отыр. Ол үшін үлкен жұмыс өткізіліп жатыр.