Бүгін - ұлттық мереке. Биыл бұл дата Республика күні болып аталып өтілмек. Еліміз 13 жылдан кейін алғаш рет ұлттық күнін қайта тойлайды. Мұндай мереке әлем халықтарында да бар. Әрі ұлық мереке ретінде тойланып жүр. Республика күніңің маңызын әріптесім Айнұр Қуатқызы айтып береді. Биылдан бастап елімізде Республика күні ұлттық мереке ретінде тойланады. Соңғы 13 жылдан бері бұл күн елеусіз қалғаны белгілі. Ұлт үшін маңызы зор датаға биыл ел Президенті ерекше мәртебе берді. Себебі 25 қазан Тәуелсіздік бастау алған тарихи күн. Тілеген Садықов, тарих ғылымдарының докторы: - Бұл мерекенің тарихи маңызы зор. Ең бірінші жастар білуі керек. Тек қана тарихи дата боп қалмауы керек. Сол 90-жылдың 25-қазанында қоғамда болған үлкен өзгерістер. Біз мысалы сол кездегі оқиғаның куәгеріміз. Енді сәл шегініс жасап, тарих парағын ақтарсақ. 1990 жылы 25 қазанда "Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы" декларациясына қол қойылды. Осы тарихи құжаттың әсерімен қоғамның іргетасы жаңарып, Қазақ елі жаңа белестерге ұмтылды. Қазақстан қиын өткелден өтіп, іргелі ел болуға бағыт алды. 2001 жылы Қазақстан айтулы датаны "Республика күні" деп белгілеп жалпақ жұртқа жария етті. Бірақ арада 8 жыл өткен соң бұл дата мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды. Наталья Дементьева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты - Бұл күннің маңыздылығы өте зор. Біз 13 жыл бойы осы мерекені тойлаудан қол үзіп қалдық. Ал осы жылы Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы мерекені қайтарып, ұлттық мереке етіп қайта жариялады. 03,04 25-қазан Республика күні Тәуелсіздігіміздің алғашқы қадамы. Халықаралық сарапшылар әлем елдерінің көпшілігінде ұлттық мерекеге ерекше мән берілетінін айтады. Мәселен Түркияда 29 қазан Республика құрылған күн. Бұл күнде бауырлас ел өз туларын іліп, оған ерекше ден қояды. Ал, АҚШ-та 4-шілде ұлттық күн деп бекітілген. Еркін және тәуелсіз ел ретінде АҚШ-тың туған күні саналады. Мэри, Вашингтон қаласының тұрғыны: - Біз үшін тәуелсіздік күні өте маңызды атап өтетін мереке саналады. Еліміз құрылғалы бері тойлап келеміз. Мемлекет құрылғанда әрине жемқорлық сияқты мәселелер болды, бірақ біз одан құтылдық. Осы күні біз тарихты еске алып маңыздылығын атап өтеміз. Біз әдетте отшашу тамашалаймыз, содан кейін бір жерге қыдырып баруға тырысамыз. Достарымыздың үйіне қонаққа барамыз. Бұл дата еліміздің егемендігі жолындағы тұңғыш қадам жасалған күн болғандықтан да Ұлттық мерекелер тізімін бастап тұр. Яғни Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы. Ал 16 желтоқсан да Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке болып қала береді. Айнұр Қуатқызы, Нұрбек Бекен