Абай облысының оқушылары ҰБТ-дан жақсы ұпай жинаудан үмітті
Абай облысының жоғары сынып оқушылары Ұлттық бірыңғай тестілеуден жақсы балл алудан үмітті.
Олар Президент тапсырмасымен өңірде алғаш рет ашылған жоғары мектепке барып жүр. Онда ІТ саласының қыр-сырын меңгеріп, шет тілін үйренуге болады. Бүгінде жоғары мектептерде 200-ге жуық бала білім алуда.
Азамат Қасым, тілші:
- Университет жанынан ашылған жоғары мектепте алты сынып жұмыс істейді. Төртеуі қазақ тілінде, қалғаны орыс тілінде. Қазір мұнда 144 оқушы білім алуда. Шалғай ауылдан келіп, оқып жатқандары да бар.
Соның бірі Айбар Тоқан. Ол бұған дейін Ақсуат ауылында оқыған. Қазір жоғары мектепте бірнеше тілді үйреніп жүр. Болашақта аудармашы болғысы келеді.
Айбар Тоқан, оқушы:
- Мен өзім ағылшын тілі пәніне қатысып жүрмін. Мұғалімдер пәндерді ҰБТ-дан жақсы балл алу үшін пәндерді тереңдетіп оқуға мүмкіндік беріп отыр. Үш түрлі тілді оқытып жатыр. Ағылшын тілін, түрік тілін, корей тілін. Жоғары деңгейде үйреніп жатырмыз. Бұл мен үшін үлкен деңгей.
Мұнда оқып жатқан 150-ге жуық оқушының 25-і ауылдан келген. Оқу тегін. Сабақ мектеп бағдарламасына сай өтеді. Алайда университетте білім алудың артықшылығы да, оқушыларға берері де мол дейді мұғалімдер.
Сандуғаш Елубаева, жоғары мектеп директорының орынбасары:
- Тағы бір артықшылығы, оқушылар өздерін мынау университеттік өмірге университет қабырғасында жүріп дайындай алады. Адаптация жүреді. Бұл 10-11 сынып оқушылары болғандықтан университет қабырғасында жүргеннен кейін жаңағы студенттік өмірмен танысады.
Думан Орынбеков, Шәкәрім университетінің ректоры:
- Ең маңыздысы, ол жаңағы біздің үздік, беделді ғалымдарымыздан дәріс ала алады. Яғни қазіргі таңда университте 30-ға жуық ғылыми үйірмелер бар. Осы үйірмелердің барлығына жаңағы біздің оқушыларымызға мектептің оқушыларына қолжетімді. Олар ғылыми зерттеудің дағыдыларын, ғылыми зерттеудің әдіснамасын осы мектеп қабырғасынан алуға мүмкіндіктері бар.
Үш бағытта жұмыс істейтін жоғары мектепте конкурс негізінде қабылданған 28 мұғалім еңбек етеді. Оқушылар тіл үйреніп, ІТ саласын меңгерумен ғана шектелмейді. Педагогикалық білім де алады. Осындай ІТ мектеп Әлихан Бөкейхан университетінде де ашылды. Онда қазір 43 оқушы оқып жатыр.
Азамат Қасым, Медет Өмірханов