Қазақстан жасанды интеллектіні енгізуде алда болуды көздейді

Алдағы бес жылда Қазақстан жасанды интеллект жүйесін енгізуде жетекші елдер қатарына кірмек.

Бұл туралы Nobel Fest Дүниежүзілік білім апталығында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді. Әлемдік сарапшылар мен ғалымдар, болашақ технологияларды талқылау және озық идеяларды ілгерілету үшін, бір алаңда бас қосты. Үш күндік бағдарламада неврология, генетика, медицина, ми мүмкіндіктері мен тұлғалық даму қамтылады. Форумда киберқауіпсіздік мәселесі де ерекше назарға алынған.

Кристофер Хэднеги, Social-Engineer LLC компаниясының бас директоры, әлеуметтік инженерия маманы:

- Қазір ғаламтор мен жасанды интеллектінің дамуы арқасында кез келген ақпарат бізге қолжетімді. Белгілі бір адам туралы бәрін біліп алуға болады. Мұны алаяқтар да мүмкіндігінше пайдаланып, түрлі манипуляция жасап жатыр. Осы әрекеттердің жолын кесу үшін киберқауіпсіздік шараларын күшейтуіміз қажет.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Биыл жасанды интеллектіні дамытудың жеке ұлттық стратегиясы қабылданды. Қазір Цифрлық даму министрлігі бізбен бірлесе отырып, ұлттық интеллект орталығын құру үшін кадрларды даярлау мен суперкомпьютер кластерін құру жолында ауқымды жұмыс атқарып жатыр.