Таразда Менделеев университетінің филиалы ашылды

Таразда Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы ашылды, деп хабарлайды 24kz.

Университет химия саласының білікті мамандарын даярлап, елдегі кәсіпорындарға жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Білім саласындағы ірі жоба ел Президентінің тапсырмасы аясында іске асты.

Химия-технологиялық университетінің филиалы өңірлік Тараз мемлекеттік университетінің базасында ашылды. Оқу ордасының бір ғимараты жаңғыртылып, материалдық техникалық базасы нығайтылды. Замануи 4 зертхана, компьтерлік сыныптар мен оқу кабинеттері бөлінді. Студенттер мұнда теориямен қатар өндірісті де меңгеріп, дайын маман болып шығады.

Талғат Ешенқұлов, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:

- 2 жыл осында оқиды осы корпуста. Одан кейін 1 жыл Мәскеуге барып, Менделеев университетінің өзінде дәріс алады студенттер. Қайтып келгеннен кейін 1 жыл «Қазфосфаттың» өндірісіне барып, сол жерде өндірістің арасында жүріп білім алады.

Оқу ордасы өз жұмысын қыркүйек айында бастады. Бүгін салтанатты түрде ашылуы болды. Қазіргі таңда 30 студент 2 мамандық бойынша білім алуда. Оқу ордасының білім беру жүйесі Менделеев университетінің тәжірибесіне негізделген.

Мұқтар Байжұманов, Тараз өңірлік университетінің ректоры:

- Менделеев кластарын ашып, уже екінші жыл жұмыс істеп жатырмыз. Бірінші жылы 28 бала болған, қазір 75 баланы қабылдағанбыз 9-10-11 сыныптардың. Осы балалардың ішінен бітіргендері ертең осы филлиалға келіп оқуға түседі, білім деңгейлері жоғары. Бұл деген сөз, мына филиалды бітіріп шыққанда өте сапалы маман дайындап шығуымызға мүмкіндік береді.

«Алдыңғы қатарлы шетелдік университеттің өңірде ашылуы химия саласына қажетті білікті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді», - дейді министрлік өкілдері. Сонымен қоса, жергілікті университеттермен тәжірибе алмасуға басымдық берілмек. Жалпы бүгінде республика көлемінде ресейлік 7жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істеп тұр.