Көкшетауда «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының облыстық кезеңі өтті

Сайысқа сайдың тасындай іріктелген озат 17 оқушы қатысты.

Жеңіпаз атанған 5 бала республикалық сында облыс намысын қорғайды. Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» агенттігінің бірлескен жобасы дарынды оқушыларды қолдауға бағытталған. 

Зияткерлік ойын үш кезеңнен тұрады. Алғашқы сыннан сүрінбей өткен оқушылар осы. Бәрі тыңғылықты дайындықпен келген. Салмақты сайыстың жауапкершілігі мен маңыздылығын жақсы біледі.

Гүлхан Мұсылманбек, оқушы:

- Бұл сайыс мен үшін өте маңызды. Мен осындай сайыстарға жиі қатысамын. Бұл сайысқа мен қазақ тілі мен әдебиет бағында дайындалған болатынмын. Көбінесе осындай сайыстар менің шығармашылық бағыт жағынан кеңінен дамытады деген ойдамын. 

Облыстық кезеңде оқушылар 60 сұраққа жауап береді. Бұған 75 минут қарастырылған. Қатысушылар түрлі байқаулар мен олимпиадалардың жеңімпаздары саналады. Дегенмен, бұл сайыстың бәсі жоғары, дейді олар.

Алмас Құстаев, оқушы:

- Бүгінгі сайысқа келер алдында өте қатты қобалжу болды менде. Әрине енді міне жеңісіме қатты қуаныштымын. Сұрақтар қиындау болды. Соған жауап беріп, осы сайысты ұтып отырмын. Ендігі басты мақсатым Алматыда өтетін жарыста Ақмола облысының намысын қорғап, абыроймен қайтуға көздеп отырмын. 

Зияткерлік ойында оқушылардың білімдерімен қатар, шапшаңдығы да сыналды. Өйткені, олар берілген уақытта барлық сұраққа дұрыс, әрі нақты жауап беруі тиіc.

Абай Мұқанов, "Ақмола дарыны" орталығының бөлім меңгерушісі:

- Бұл жердегі сұрақтар әр салада. Мысалы, тек білім саласы ғана емес, мәдениет, спорт салалары қамтылған. Яғни бұл жерде тек интелектуалды ғана емес, шығармашылық жағын қарастыру көзделген болып тұр. 

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған 5 оқушы республикалық сайысқа жолдама алды. Қалғаны алғыс хаттар мен естелік сыйлықтарға ие болды.

Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко