Кентау қаласында есепке аса жүйрік балақай тұрады

Кентау қаласында есепті шемішкеше шағатын балақай тұрады.

Небәрі 5 жастағы Темірлан мың таңбалы сандарды оп-оңай алып, қосады. Спортты да жақсы көреді.

Темірлан - үйдегі үш баланың ортаншысы. Ешқандай арнайы курсқа қатыспаған. Анасы Әсем Аязбаева сандарды қосып, азайтуды үйрету барысында ұлының ерекше қабілетін байқаған. Әлі мектеп табалдырығын аттамаған бүлдіршіннің мың таңбалы сандарды еш қиналмай қосқанын көргенде таңқалғанын жасырмайды.

Әсем Аязбаева, Темірланның анасы:

- Бір күні маған «Мама, 4+4 қоссам 8 болады. 8+8 қоссам 16 болады деді. Сосын калькулятормен есептеп алған немесе ютубтан көріп алған шығар деп жүрдім. Бір күні бір қиын санды айтты. Осындайға қоссам, осындай болады деді. Сосын мен түсінбей қалдым. Ал мынау ше, мынау ше дегенде айтып жатыр. Бақшадан жаяу келеміз, көшеде көліктің нөмірін көреді ма, кезкелген санды қоса береді. Түнде ұйықтап жатқанда да айта береді. Сосын «болды, миыңды демалдыршы» деймін. Қағаздарға да жаза береді.

Бес жасар бүлдіршін қазір мың таңбалы сандарды мүдірместен қоса алады. Ол аз болса, мектеп жасындағы ағасының да үй тапсырмасын жарыса орындайды. Кішкентай вундеркиндтің қабілетіне біз де куә болдық.

Темірлан Қанатұлы, вундеркинд бүлдіршін:

- Темірлан, саған есеп шығаруды кім үйретті? – Мама, үйретті. Есеп шығарғанды жақсы көремін. – 28-ге 28 қосса қанша болады? – 56 болады. – Ал енді 63-ке 63 қосшы? – 63-ке 63? 126 болады. – Дұрыс айтасың. Ал енді 112-ге 112-ге қосшы. – 224. – Бәрін біледі екенсің ғой сен. Онда мыңдықтан қояйық, иа? 2345+2345 қанша болады? – 4690 болады. – Ой бәрекелді. Үлкен азамат бол! 

Анасы алғашында тіл-көзден қорқып, ұлының ерекше қабілетін жасыруға тырысқан. Алайда уақыт өте келе Темірлан әлеуметтік желі арқылы танылып, көптің ықыласына бөленген. Тіпті қызығушылығы артқан кейбір оқырмандары анасынан дарынды бала туудың құпиясын бөлісуді сұрапты    

Әсем Аязбаева, Темірланның анасы:

- Таңғалатындар бар енді. Сосын жүктілік кезінде қандай дәрумен іштіңіз деп айтады. Бақшада жігіт сұлтанына қатысқанда менталды арифметикаға қатысады ма мына бала деп сұрайды. Ешқандайда қатыспайды, өзі сондай деп айтамын.

Темірлан тек есепке ғана жүйрік емес, спортқа да жақын. Бақшадан босағанда бокс үйірмесіне барады. Ересектерді таң қылатын ақылдылығы тағы бар. 42 әріпті түгел жаттап алған. Енді кішкентай вундеркинд мектеп табалдырығын аттайтын күнді асыға күтіп жүр.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов