Шымкентте мектептердің көбі мемлекеттік аттестациядан өте алмады

Шымкентте мектептердің көпшілігі мемлекеттік аттестациядан өте алмай қалды.

Тексеріс жүргізілген 70 мектептің 52-сі білім беру талаптарына сай болмай шықты. Мамандар әртүрлі заң бұзушылықтарды анықтады. Мәселен, кейбір білім ошақтарында жұмыс пен оқу бағдарламасының сәйкес келмесе, енді бірінде мұғалімдер біліктілікті арттыру курстарынан уақытында өтпеген. Қалалық білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету бөлімінің мамандары өткізілген сабақ пен тоқсандық жиынтық бағалауға ерекше назар аударды. Кейбір мұғалімдер мерекелік демалыстың алдында бірнеше тақырыпты қамтуға тырысып, оқушыларға артық тапсырмалар жүктегені анықталды. Талап бойынша оқытушы балаларға күніне үш тапсырмадан артық беруіне болмайды. Одан бөлек үйде отырып білім алатын балалардың оқу сағаттары бойынша да заң бұзушылықтар тіркелді. Аттестациядан өтпеген мектептерге, кемшілікпен жұмыс істеуге уақыт берілді.

Дина Агманова, қалалық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің бөлім басшысы:

- Егер білім беру ұйымы қайта аттестаттаудан өтпесе, онда біз бұл мекемені профилактикалық бақылауға аламыз. Яғни біз бұрынғыдай қашықтықтан электронды түрде бақыламай, білім беру ұйымына барып, ашық тексеретін боламыз. Демек, кемшілік жойылғанша біздің бақылауымызда болады.