Меншігі талан-таражға түскен білім ордасына қатысты сараптама жұмыстары жүргізіліп жатыр
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің меншігі ширек ғасыр бұрын талан-таражға түскен.
Оқу ордасының 3 жатақханасы, 5 зертханалық ірі нысаны мен 6 гектар жері белгісіз себептермен жеке адамдардың қолына өтіп кеткен. Бұл туралы Алматыда өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес республикалық кеңесі отырысында айтылды. "Күмәнді істің артында сыбайлас жемқорлық әрекеті менмұндалап тұрғаны анық" дейді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров. Енді беймәлім азаматтарға өткен жерлерді қайтару мақсатында Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Аманат" партиясымен бірлесіп, былтырдан бері тергеу амалдарын жүргізіп келеді. Ал қазіргі уақытта сараптама жұмыстары жүргізілуде дейді мамандар.
Дидар Смағұлов, «Amanat» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің мүшесі:
"Қазір осы ғимараттарды, мүліктерді тартып алған азаматтардың ақшасы, таныстары жетеді және жауапкершіліктен қашу мүмкіндігі өте жоғары. Сондықтан оны болдырмас үшін біз қазір партиялық бақылауды ұйымдастырып, нәтижесінде қанша адам жауапкершілікке тартылады сотпен біз оны салыстырамыз. Өйткені өте маңызды. Мысалы, ғимараттарды тарту, жатақханаларды тарту ол тек ғана студенттердің жағдайына әсерін тигізбей, жалпы аграрлық ғылымға дамытуға мүмкіндік бермейді".