Сенат Төрағасы: Колледждердің техникалық базасын жетілдіру маңызды
Колледждердің материалдық-техникалық базасын жетілдіру маңызды.
Парламенттік тыңдауда Сенат Төрағасы осылай деді. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту үшін Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар тарапынан нақты шешімдер қажет. Заманауи жабдықтарсыз нарық талабына сай келетін мамандар даярлау мүмкін емес. Сенат өз кезегінде салалық министрлікпен бірлесіп, заңнамалық өзгерістермен жұмыс істеуге дайын, деді жоғарғы палата төрағасы.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Мемлекет басшысы еңбек адамы ерекше орын алатын қоғам мен экономика құруға аса мән беріп отыр. Бұл білікті кадрлар даярлау, жұмысшылардың құқықтарын қорғау, лайықты еңбек жағдайын қалыптастыру және еңбек адамдарын дәріптеу қағидаларын қамтитын кешенді міндет. Сондықтан жұмысшы мамандықтар жылында еңбек адамдарын қолдаудың маңызы зор. Осы ретте бәріміз Президент ұсынған жаңа еңбек идеологиясын дәріптеуге белсенді қатысуымыз керек.