Елімізде алғаш рет кәсіптік бағдар беруші педагог лауазымы бекітілді

Білім беру саласындағы тағы бір жаңашылдық.

Елдегі орта білім беру ұйымдарында алғаш рет кәсіптік бағдар беруші лауазымы ресми түрде бекітілді. Саладағы жаңа бастаманың маңызы қандай болмақ?

- Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда Жұмысшы мамандықтары жылының кәсіптік және техникалық білім беру саласын жаңғыртуға, сондай-ақ жұмысшы мамандардың қоғамдағы беделін арттыруға арналғанын тағы да атап өтті. Кәсіптік бағдар берушілер лауазымының ресми түрде бекітілуі дәл осы бағыттағы шаралардың бірі болып отыр.

ЦИТАТА: Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті

Жастардың мүмкіндігін арттырып, кәсіби бағыт-бағдар беруге баса назар аудару қажет. Олардың сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарды меңгеруіне жағдай жасау керек. Бұл – өңір басшыларының бәрінің міндеті.

Оқу-ағарту министрлігі кәсіптік бағдар берушілерге жүктелген негізгі міндеттерді атады. Оларға жеке-жеке тоқталсақ, ең алдымен бұл кадрлар оқушылар үшін мамандық таңдауға қолдау көрсетуі керек. Жеке және топтық кәсіби кеңес береді. Мамандықтарға қатысты мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырады. Сонымен қатар жұмыспен қамту орталықтары, колледждер және кәсіпорындармен байланыс орнатуы тиіс.

Кәсіптік бағдар берушінің міндеті:

мамандық таңдауға қолдау көрсету

жеке және топтық кеңес беру

мазмұнды іс-шаралар ұйымдастыру

мекемелермен байланыс орнату

Асан Рахметуллин, кәсіпкерлік және бизнес негіздері пәнінің мұғалімі:

- Еліміздегі колледждерге түсуге бару керек деп өзім санаймын. Мамандық алуға Үкімет мүмкіншілік туғызып отыр. Бұл, ең бірінші, степендия, екіншіден, колледждердің тамағы тегін болады. Көп жеңілдік жасалып отыр. Сондай-ақ, мамандықты игеруге тез мерзімді, қысқартылған уақытпен беріліп жатыр. 

Жоғары сынып оқушыларына жұмысшы мамандықтарын оқыту пилоттық жобасы 17 өңірде қолға алынды. Кадрлар даярлау жұмыстары жергілікті бюджеттер есебінен қаржыландырылады. Жобада 150-дей колледж бен мектеп қамтылды. Соның нәтижесінде 2 мыңға жуық жасөспірім техникалық мамандықтармен жақын танысты. Бұл бастама алдағы уақытта жалғасады.

Пилоттық жоба

17 өңір

150 колледж және мектеп

2 мың бала 

Абай Құрманқұлов, техникалық колледж директоры:

- Биыл да жалғасын табады эксперименттік бағдарлама. Бірақ бұл жерде кішкене өзгешелік: бұл жерде куәлік беріледі, диплом берілмейді оларға. Оқу ауқымы, оқу траекториялары сол күйінде қалады. Әр мектеппен жекелей жұмыс істеуге де болады. Бұл жерде ата-аналардың, балалардың қызығушылығына байланысты мамандықтарға оқытылады. 

Ғылым және жоғары білім министрлігі "Мамандығым - болашағым" жобасы аясында 100 мыңға жуық оқушыны кәсіби диагностикадан өткізді. Осы арқылы әр жасөспірімнің мамандықтарға деген қызығушылығы мен бейімділігін анықтап жатыр. Жыл соңына дейін барлық өңірде кадрлық атластар жасау көзделген. Қазірдің өзінде 9 аймақта мұндай құжат дайын. 

Кадрлық атласы жасалған өңірлер

Астана

Алматы

Павлодар облысы

Маңғыстау облысы

Қарағанды облысы

Ақтөбе облысы

Жетісу облысы

Ақмола облысы

Жамбыл облысы

Олжас Сәкенов, "Мамандығым - болашағым" жобалық кеңсесінің басшысы:

- Сол өңірлік карталарды әзірлеу қорытындысы бойынша біз 500-ге жуық жаңа мамандықты анықтадық. Еdunavigator.kz платформасы арқылы 100 мыңға жуық оқушы кәсіби диагностикадан өтті. Енді осы жылдың аяғына дейін 5 өңірде Атырау, Қостанай, Түркістан, Алматы, Ұлытау облыстарында жоспарлы нысаналы қаржыландыру негізінде Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізіледі. Ал қалған өңірлерде жергілікті қаражат есебінен осы өңірлік карталарды жасау көзделген. 

Жасөспірімдерді еңбексүйгіштікке баулуда "Адал азамат" біртұтас бағдарламасының да маңызы зор. Президент тапсырмасына сәйкес, бұл бастама елдегі барлық орта білім беру ұйымында жүзеге асырылады.

Еділ Оспан, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:

- Алдағы уақытта "Адал азамат" тәрбие бағдарламасы еліміздегі барлық білім ошақтарында, оның ішінде жекеменшік білім беру ұйымдарына енгізіліп, іске асырылатын болады. Түпкі мақсаты жауапкершілік пен еңбексүйгіштіктің айқын бейнесі болатын адал азамат қалыптастыру.

Елде 700-ден астам техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы бар ғой. Соның ішінде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін оқытылатын студенттер қатары артып жатыр ма?

Иә, мәселен, биыл сұранысқа ие мамандықтар бойынша 153 мың студент тегін оқытылады. Яғни 10 мыңға артқаны байқалады. Мемлекеттік тапсырыстың 70 пайызы техникалық мамандықтарға, оның ішінде машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс сияқты салаларға бағытталмақ.