Елордалық оқушылар алғашқы медициналық көмек көрсету жолдарын үйренді

Елордалық дәрігерлер мектеп оқушыларына алғашқы медициналық көмек көрсету жолдарын үйретті.

Оқушыларға кәсіптік бағдар беру мақсатында қолға алынған шаралар жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылып отыр. Шеберлік сағатын Астанадағы жоғары медицина колледжінің 3-курс студенттері мен оқытушылары өткізді.

Жанаргүл Зейнеғабиева, жоғары медицина колледжі директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары:

- 37 және 32 мектептермен меморандумға отырдық. Сондықтан да біздің оқытушыларымыз сол мектептерге барып дәріс оқиды, тренинг жасайды немесе біз үнемі балаларды колледжге шақырып, симуляционный кластарға апарып, дәріс беретін немесе практика өтетін кластарға апарып, көрсетеміз балаларға. Балалар үйренеді бұл мамандықтарды. 

Шеберлік сағатында оқушылар алғашқы көмек көрсету тәсілдерін ғана емес, медициналық мамандық түрлерімен де танысты. Оқу орны қабырғаларында өтетін мұндай іс-шаралардың мамандық таңдаудағы пайдасы зор дейді қатысушылар.

Ақкенже Капсалан, №32 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы:

- Осы мастер класқа келетінімді білгенде қатты қуандым, себебі болашақта осы салада қызмет етіп, медбикелік істі таңдаймын деп шешіп қойғанмын. Медицина мен адам анатомиясына қатты қызығамын. Бұл қоғам үшін аса қажет мамандық деп ойлаймын. Медбикелер қай уақытта болмасын қажет, үнемі сұраныста.

Гүлім Болат, №32 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы:

- Біз осындай мастер кластарға жиі келеміз. Әртүрлі мамандықтарды көреміз. Мен әлі қандай мамандық таңдайтынымды білмеймін, бірақ осындай мастер-кластар арқылы көп мамандықтармен таныса аламын және таңдау оңай болады.