Елордада математиктер мен филологтарға ортақ жарыс өтіп жатыр

Ел математиктері мен филологтары «Үздік педагог» атануға талпынып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. «Оқу және математикалық сауаттылық: сәтті синергия» байқауына 200 үміткер қатысып жатыр.

Мұндай жарыс ел тарихында алғаш рет өткізіліп отыр. Қатысушылар кәсіби біліктілігін көрсетіп қана қоймай, математика мен қазақ тілі - әдебиеті сияқты пәндер арасындағы синергияға қол жеткізуі керек. Оқу-ағарту министрлігі мен «ZERDELI» ақыл-ой дамыту мектебі бірлесіп ұйымдастырған бұл жоба – оқу мен математика саласын бір арнада тоғыстырған, тың форматтағы алғашқы білім жарысы.

Қаныбек Жұмашев, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы:

- Екі пән, екі түрлі мұғалімді біріктіріп, логикалық есептер береміз. Осылайша мұғалімдердің біліктілігін арттыруға тырысамыз. Өйткені бұл олардың оқу сауаты мен математикалық есептерді шешу дағдыларын тереңдетеді. Сондай-ақ қосу, азайту, көбейту немесе интегралды теңдеулер ғана емес, практикалық әрі өмірде қажет жаттығулар берілген. Осы арқылы мұғалімдердің дағдыларын зерделеп, оны балаларға үйрету жолын саралаймыз.