1 млн қазақстандық жасанды интеллект бойынша оқудан өтеді

Алдағы бес жылда Қазақстанда 1 млн адам жасанды инттеллект бойынша оқудан өтеді. Оның ішінде 500 мың оқушы, 300 мың студент, 90 мың мемлекеттік қызметкер, 80 мың бизнесмен және түрлі сала мамандары бар. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлады. 

Жасанды интеллектіні меңгеру мен қолданысқа енгізу үшін ведомство түрлі жобаларды іске қосты. Солардың бірі Astana Hub -та ашылған Tomorrow School алғашқы жасанды интеллект мектебі. Ал күзде дәл осы ЭКСПО павильонында  Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады деп жоспарланған. Онда жасанды интеллект бойынша кәсіби мамандарды даярлау, робототехника мен жаңа технологияларды зерттеу жұмыстары жүргізіледі.

Дания Ахметова, «Astana Hub» басқарушы директоры:

- Осы күзде Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы негізінде 12-18 жастағы жасөспірімдерге арналған «Tumo» орталығы ашылады. Ол инновациялық білім беру алаңы болады. Онда балаларға аннимация, бағдарламалау, 3D графика, генеративтік жасанды интеллектісі тегін оқытылады. Ал студенттер үшін біз былтыр Astana Hub алаңында Tomorrow School алғашқы peer-to-peer форматындағы жасанды интеллект мектебін аштық. Онда оқу тегін. Іріктеуден өткен кез келген адам осы мектепте бағдарламалау тілін меңгереді. Қазірдің өзінде студенттердің бесінші легі білім алып жатыр.