Елімізде оқушыларға арналған жасанды интеллект-репетитор іске қосылды

Жасанды интеллект тегін сабақ береді. Жобаны әзірлеушілердің пікірінше, онлайн құрал оқушының сапалы білім алуына жәрдемдеседі. Бұл жерде оның қайда тұратыны, отбасылық жағдайы маңызды емес. Платформа бұған дейін бірнеше мектепте сынақтан өткен. Енді оның авторлары жобаны мектептерге жаппай енгізуді жоспарлап отыр.

Жасанды интеллект-репетитор оқушының сұранысына қарай бейімделеді. Мәселен, бала математикадан квадрат теңдеулер тақырыбын таңдады дейік. Дәл осы сабақты жасанды интеллект-репетитор тәжірибелі мұғалім сияқты қарапайым түрде түсіндіріп береді. Балалар ол арқылы күрделі тақырыптарды үйрене алады. Сонымен қатар халықаралық олимпиадалар мен ҰБТ-ға дайындалуға көмектеседі.

Андрей Дупик, жобаның негізін қалаушы:

- Ол чат ретінде жұмыс істейді. Оқушы біздің сайтқа кіріп, тіркелуі қажет. Содан кейін өзіне керек пәнді, оқу тілін және мектеп бағдарламасына сай кез келген тақырыпты таңдайды. Репетиор соған сәйкес баланың білімін тексеру үшін қосымша сұрақтар қояды. Бала оған жауап берген соң ғана жасанды интеллект оның тақырыпты қаншалықты меңгергендігі жайында талдау жасайды. Егер математикадан қиналса, есептер арқылы қосымша түсіндіреді. Ал әдебиеттен шығарманы талдап, негізгі ойды түсінуге көмектеседі.

Жасанды интеллект әрине мұғалімді алмастыра алмайды. Тек көмекші ретінде қолданылады. «Әсіресе кадр тапшылығы мен мектептерде оқушы саны шамадан тыс көп болған жағдайда таптырмас құрал», – дейді жоба авторлары. Биылғы оқу жылында еліміз бойынша білім ошақтарында 4 миллионға жуық оқушы білім алып жатыр. 2026 жылға қарай бала саны тағы 500 мыңға өседі деген болжам бар.

Қасым Бағлан, жоба жетекшісі:

- Біздің мақсат білім деңгейін көтеру болғаннан кейін қазіргі таңда нысаналы мектептер деген бар. Біз облыс бойынша Қазақстан бойынша нысаналы мектептерге тегін «доступтар» ұйымдастырып отырмыз. Аудан бойынша, облыс бойынша мектептер тест жоспарлайды, тестің нәтижесінде оларға тереңдетілген қорытынды табысталады. Яғни статистика, диаграмма, процент жүзінде олқылықтары және қай пән бойынша көп қате жіберген оқушы. Сондай тереңдетілген қорытынды табыстаймыз.

Бұл әдіс оқушылардың білім сапасын көтеруге, түсінбей қалған сабақты қайта оқуға мүмкіндік береді. Бастысы оны тәуліктің кез келген уақытында қолдана алады. Ол үшін репетитор ақша сұрамайды. Барлығын тегін түсіндіреді. Мұны барлық сынып оқушысы қолдана алады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбеова, Сұлтан Бейсекенов