Lesson Study: білікті ұстаздар Алматыда бас қосты

Lesson Study білім беру әдісі оқушыға да, мұғалімге де тиімді. Баланың сабаққа деген қызығушылығын оятып, ал ұстаздардың ынтымақтастығын арттырады. Нәтижесінде жалпы білім сапасы жақсарады. Алматыда өтіп жатқан «Кәсіби диалог: Lesson Study оқуды қалай өзгертеді» конференциясына қатысушылар осылай дейді. Оған 600-ге жуық педагог жиналды. Олар үш күн бойы білім берудің өзекті тақырыптарын талқылап, осы жобаға қатысты зерттеу жұмыстарымен бөліседі.

Lesson Study сабақтың өту барысын зерттеуге бағытталған. Педагогикалық тәсіл алғаш рет ХІХ ғасырдың 70-ші жылдарында Жапонияда енгізілген. Қазіргі уақытта Сингапурде, Гонконг пен Қытайда және батыс елдерінде кеңінен қолданылады. Ал біздің елде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының бастамасымен 2012 жылдан бері оқытып келеді. Қазір мектеп мұғалімдері пайдаланып жүр.

Жанар Құлиева, А. Байтұрсынұлы атындағы мектептің директоры:

- Lesson Study-ға біз қандай сыныптарды аламыз? Білім сапасы төмен болып жатқан сыныптарды, тәрбиелік бағытында проблема бар сыныптарды аламыз. Білім сапасы біздің мектептің сапасынан төмен болып тұрған сыныптарды аламыз, сол сыныптарды, мұғалімдерді біріктіріп, сол проблеманы бірге шешуге тырысамыз.

«Бұл жоба ең алдымен мұғалімдердің зерттеушілік қабілетін оятады», – дейді ұсатаздардың өзі. Мектеп ішінде бірлесіп қауымдастық құрады. Сол педагогтар сабақты бірге жоспарлайды. Оның нәтижесін бақылап, тиімді немесе тиімсіз тұстарын дәлелдеп талқылайды.

Толқын Айдосова, NIS Педагогикалық шеберлік орталығының директоры:

- Сол нәтижені жариялау үшін біз Кембридж университетінің кітапханасында біздің қазақстандық педагогтарға арналған арнайы парақша әзірленді. Сол жерде біздің мұғалімдердің зерттеу нәтижелері мақала түрінде жарияланып тұр. Ол деген осы «Лессн Стадимен» айналысатын әлемдегі кез келген педагог, кез келген зерттеуші біздің мұғалімнің нәтижесін көріп, талқылауға қатыса алады.

Lesson Study жөніндегі Дүниежүзілік қауымдастықтың таңдаулы президенті Стефан Кливаның айтуынша, қазақстандық мұғалімдер әдісті жақсы меңгерген. «Олардың білім сапасын арттырсам деген ынтасы қуантады», – дейді.

Стефан Клива, Lesson Study жөніндегі дүниежүзілік қауымдастықтың таңдаулы президенті:

- Lesson Study мұғалімнің кәсіби шеберлігін арттырып, сабақтың сапасын жақсартады. Оқытушылар бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істесе, ортақ нәтижеге қол жеткізеді. Қазір бір орында тұратын заман емес. Әрдайым ізденісте болуымыз қажет.

Креативті форматтар, үздік кейстер мен қазіргі білім берудің өзекті мәселелері де талқыланды. Сондай-ақ Жапония мектебіндегі сабақты зерттеуді онлайн режимде бақылап, тәжірибе алмасты.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев