ЕҰУ Шығыстану кафедрасына 25 жыл толды
Лев Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университеті Халықаралық қатынастар факультетінің Шығыстану кафедрасына биыл 25 жыл толды, деп хабарлайды 24KZ. Ширек ғасыр бойы мамандар студенттерге араб, қытай, жапон, түрік, парсы, урду және хинди тілдерін үйретіп келеді.
Кафедра әлемнің жетекші университеттерімен үнемі байланыста. Оқытушылар мен студенттер халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға және семинарларға ұдайы қатысып отырады. Осындай маңызды жиындардың бірі бүгін Рамазан Сүлейменов атындағы Шығыстану институтымен бірлесе өткізілді. Дөңгелек үстелге «Қазіргі халықаралық қатынастар контексіндегі шығыс елдері: проблемалары және зерттеудің жаңа талаптары» атты тақырып арқау болды. Жиынға қатысушылар Шығыс Азия, Таяу Шығыс, тағы Орталық Азия аймақтарындағы өзекті мәселелердің пайда болу себебін және түйткілдерді шешу жолдарын талқылады.
Самал Төлеубаева, филология ғылымдарының докторы:
- Астанада осындай шығыстану ғылыми мектебі қалыптасты. Қазіргі таңда бұл мектеп республика деңгейінде, ғылым саласында да, білім саласында да өзінің лайықты орнын тапты. Қазір бізде бірнеше ғылыми бағыт қалыптасты ғылыми кафедрада. Ол классикалық бағыттар. Мысалы, Қазақстан тарихын шығыс тілдерінде жазылған деректер арқылы таныту.