Колледждердің оқу бағдарламасына жасанды интеллект енгізіліп жатыр
Жасанды интеллект колледждерде нақты құрал ретінде қолданыла бастады, деп хабарлайды 24kz.
Алматыға еліміздің әр өңірінен келген педагогтер оқу үдерісіне озық шешімдерді қалай енгізіп жатқанын баяндады. Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар чат-боттардан бастап нейрожелілер негізінде жасалған авторлық жобаларын таныстырды. Сарапшылардың арасында Ресей, АҚШ және басқа да елден келген сарапшылар болды.
Алматы экономикалық колледжінде өткен конференцияға еліміздің көптеген қаласынан оқытушылар қатысты. Соңғы жылдары колледж мұғалімдері жаңа технологияларға ден қойып отыр. Бірі жасанды интеллект негізінде электронды сабақ кестесін жасаған. Екіншісі әдеби шығармаларды AI технологиялардың көмегімен салынған комикс арқылы оқытуды ұсынып отыр. AR/VR технологиялардың да болашақ жұмысшы мамандары үшін пайдасы көп.
Қасымбек Жақсыбай, Алматы экономикалық колледжінің директоры:
- 2024 жылдың көктемінен бастап Алматы экономикалық колледжінде «Дижитал педагог» деген курс ұйымдастырдық. Сол курстың аумағында барлық педагогтар ЖИ негіздерін игерді. Сосын ұстаздарымызға талап қойдық. Жаңа 2024-2025 оқу жылдарынан бастап ЖИ оқу процессіне енгізілсін деп. Сол үрдіс басталды.
Республикалық конференцияда жасанды интеллекттің білім берудегі авторлық үлгілері көрсетілді. Мысалы, оқытушы Шыңғысхан Рахан Google компаниясының NotebookLM қызметін пайдаланған. Осы құралдың көмегімен студенттерге үй тапсырмалары автоматты түрде беріледі. Сондай-ақ күрделі тақырыптарды әртүрлі форматта мысал арқылы тез меңгеруге көмектеседі.
Шыңғысхан Рахан, арнайы пәндер оқытушысы:
- Әр мұғалім өзінің жұмыс істеу процесінде алдымен өзінің планын зерттейді, оларға қосымша материалдар қосады. Керек болса ЖИ арқылы оны арттырады және қосымша деректер қосады. Соның нәтижесінде біздің материалдар ерекше және тиімді болатынына біз нақты көз жеткізе аламыз.
Жасанды интеллектіні меңгерген педагогтердің жұмысын халықаралық сарапшылар бағалады. Олардың қатарында АҚШ-тағы IT-компанияның негізін қалаушылардың бірі Дина Ерлан да бар. Конференция қорытындысы бойынша қатысушыларға QR-код арқылы қорғалған дипломдар мен сертификаттар табысталады.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов