Б. Момышұлының күнделіктері әскери оқулыққа айналды
Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы қалдырған 30-дан астам күнделік кейінгі буын үшін әскери оқулыққа айналды, деп хабарлайды 24KZ. Онда майданда қолданылған темірдей тәртіп пен тиімді тактикалар туралы жазылған. Сондықтан бұл жинақтар елдегі әскери білім ордаларында терең оқытылып жатыр.
Аты аңызға айналған қолбасшының майдандағы ерлігімен қатар тапқырлығы әлемді тәнді қылды. Ол жер бедері мен жау күшін ескере отырып, тез әрі ұтымды шешім қабылдай білген. «Осылай қол астындағы жауынгерлерді талай тығырықтан алып шығып қоймай, Ұлы жеңіске жол ашты», – дейді немере інісі.
Бекет Момынқұл, Б. Момышұлының немере інісі:
- Ол әскери ғалым болды ғой. Мәскеу түбіндегі «Бауыржанның спиралі» деген әңгіме, «маневр оборона» дейді, ол қайдан шықты? Ол баяғы біздің қазақ батырларының соғыс жүргізетін тәсілі ғой. Бауыржан соны пайдаланған. Оны, әрине, кішкене өзгертіп жасады, бірақ негізі сол. Оны қайдан білді? Мен сондай нәрселеріне таңғаламын.
Бауыржан Момышұлының соғыс жылдарындағы қолжазбалары – кейінгі офицерлер үшін дайын оқулық. Александр Бектің даңқты батыр жайлы баяндалған «Волоколамское шоссе» шығармасы да әскерилерге арналған міндетті оқу бағдарламасына енгізілген.
Айсұлу Молдашева, ҚР ҚК Бас штабы академиясының аға оқытушысы:
- Ұлттық қорғаныс университеті магистранттар мен докторанттарды оқыту барысында әйгілі қолбасшының «Соғыс психологиясы» еңбегін пайдаланады. Ол кітап – жанкешті офицерлер мен сарбаздарды қалыптастыруға арналған таптырмас құрал.
Бауыржан Момышұлының жеке заттары, қолжазбалары мен марапаттары тарихи мұралар қатарында. Олар елдің әр өңіріндегі музейлерде сыр шертіп тұр. Құнды экспонаттардың бірқатары Қарулы Күштердің әскери-тарихи мұражайында сақтаулы.
Дәулет Қадыров, ҚР Қарулы Күштері әскери-тарихи музейінің қызметкері:
- Жеке күнделігі бұл. Өз қолымен жазылған, толтырылған. Ішінде көптеген ақпарат бар. Б. Момышұлы соғыс бойы күнделік толтыруды әдетке айналдырған. Соғыс барысында ол кісі 30-дан астам күнделік толтырып кеткен екен. Кейін осы күнделіктерді негізге ала отырып, көптеген кітаптың авторы атанды. Одан бөлек, Б.Момышұлының ұрыстық картасы көрсетілген, мінекей, түпнұсқасы бұл.
Батырдың есімі әрбір қазақстандыққа жақсы таныс, өйткені оның ерлік жолы қашанда ел аузында. Майдангерге құрмет ретінде оқу орындары мен көшелерге есімі беріліп, бірқатар қалада ескерткіші орнатылды.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Бағдат Қайыркен