Алматы оқушылары робототехникадан әлем чемпионатында жеңді

Алматылық оқушылардың робототехникаға қызығушылығы артып келеді, деп хабарлайды 24KZ. Олардың алды халықаралық жарыстарда жүлделі орыннан көрініп жүр. Жуырда Алматыдағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің PID жас инженерлер командасы АҚШ-та өткен FIRST CHAMPIONSHIP 2025 әлемдік чемпионатында жеңіске жетіп, бір алтын, бір күміс олжалады. Дарынды оқушылардың жасаған мұхит түбін тазалауға бағытталған роботтары қазылар алқасының жоғары бағасын алды.

Робототехникадан әлем чемпионатына 110 мемлекеттен мыңнан астам команда қатысты. Алпауыт елдердің жас инженерлерімен бір алаңда роботтарды сынау оңай емес. Ал мыңның ішінен жеңімпаз болу – тыңғылықты дайындықтың, ұжымдық ұйымшылдықтың және терең техникалық білімнің жемісі. Жасөспірімдердің мұхит түбін қоқыстан тазартатын роботы бүгінгі таңда өзекті саналады. 

Мирас Бекетбай, Алматы қ. химия-биология бағытындағы НЗМ 11-сынып оқушысы:

- Біздің роботтың ең басты айырмашылығы – ол оның кішкентай көлемі мен өзінің механизмі. Оның заттарды, элементтерді алу ең басты екі мехнизмі бар. Ол актив интек және клоу. Клоу дегеніміз жай ғана келіп элементті алу, актив ол әрқашанда жұмыс істеп тұрады. 3Д моделін жасап, соны қолдануымыз ол біздің ерекшелік болып саналады.

Химия-биология бағытындағы зияткерлік мектептің PID командасы чемпионатта Қазақстан тарихында тұңғыш рет 12–18 жас санаты бойынша финалға өттті. Олар бірден екі беделді марапатқа ие болды: ерекше командалық рухы және робототехника саласындағы жаһандық қауымдастықты дамытуға қосқан үлесі үшін бірінші орын иеленді. Ал Franklin дивизионында финалға шықты.

Айбек Қалабай, Алматы Қ. химия-биология бағытындағы НЗМ FAB зертхана жетекшісі:

- Бұл жобаның миссиясы – ғылым және технологиялардың әлеміне терең бойлау арқылы, жастардың потенциалын ашу. Бұл бағыттың негізгі екі құндылығы бар. Игі кәсіпқойлық және ынтымақтастық. Біздің Алматы қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің PID командасы осы негізгі екі құндылықтарды ашқандығы үшін әлемдік төрде жақсы саналды.

Әлемдік деңгейдегі айтулы чемпионатта жеңіске жеткен команданың жетекшілері Айбек Қалабай мен Ясинжан Шақан. «Алдағы мақсат – чемпионаттың ақтық сынында жеңіске жету», – дейді жаттықтырушылар.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев