Ғылым ордасы мен Гарвард Университеті сирек қолжазбаларды цифрландырады
Еліміздегі ең үлкен ғылыми кітапханасы бар Ғылым ордасы мен АҚШ-тың Гарвард университеті сирек қолжазбаларды бірге цифрландыратын болды.
Бұған Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Гарвард университеті екіжақты меморандумды бекіткен соң қол жетіп отыр. Келісім аясында құнды құжаттар реставрацияланып, зерттеу жұмысы жолға қойылады. Мұндағы 6 миллионнан астам ғылыми кітаптың 150 мыңы сирек кездесетін қолжазба мен кітап саналады. Жәдігерлерді жаңғыртып, көшірмесін жасап, зерттеумен айналысу үшін мамандар сол университетте тағылымдамадан өтеді. Өйткені елімізде сирек қолжазбаларды реставрация жасайтын мамандар тапшы. Бұған қоса Гарвардтың Хоутон кітапханасындағы еліміздің тарихына қатысты қолжазбалар мен деректер жинақталады.
Ұлар Мұқажанов, «Ғылым ордасы» РМК директоры:
- Бұл Қазақстанның шығыс тілдеріндегі қолжазбаларының ортақ электрондық базасын жасау, олардың жалпы тізімін анықтау және де қолжазба жобасының шеңберінде көптеген жұмыстар атқарылады. Негізгі бағыттың негізгі міндеттерін атап өтсек болады, бұл жерде ортақ арнайы тақырыптарды зерттеулер жасау және біздің мамандарымыздың біліктілігін арттыру деген сияқты біраз мәселелер болады.