Елордада «Жайлы мектеп» аясында тағы жеті мектеп ашылады

Биыл елордада «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында тағы 7 мектеп ашылады.

Қалалық білім басқармасының басшысы осылай деді. Ұлттық жоба үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге, оң ықпал етіп отыр. Жаңа ғимараттар халық тығыз қоныстанған аудандарға салынады.

Бұл білім ордасы «Жайлы мектеп» жобасы аясында биыл қаңтар айында қолданысқа берілді. Бастауыш пен жоғары сыныптар үшін бөлек ғимараттар салынған. Қазір мұнда 800-ге жуық бала оқып жүр. Сыры кеппеген жаңа нысанға маңайдағы үшауысымды мектептерден оқушылар ауысып келіп жатыр.

Бақыт Рауан, қалалық №45 орта мектебінің директоры:

- Жобалық қуаты біздің мектебіміздің 2 мың орын бір ауысымда. Екі ауысымда оқыса, 4 мың оқушы ала аламыз. Қазіргі таңда 1-сыныпқа қабылдау бойынша 170 құжат тапсырылған. Енді алдымызда әлі 2-3 ай бар. Сол кезде баланың саны көбеюі мүмкін.

Ұлттық жоба шеңберінде былтыр астанада 16 мектеп бой көтерді. Онда 30 мың балаға орын қарастырылған. Әр білім ордасы кемінде 2 асхана және 4 спортзалмен, сондай-ақ арнайы пән кабинеттерімен қамтамасыз етілген. Қауіпсіздік жүйелеріне де басымдық беріліп отыр. Жобаның алғашқы кезеңі нәтижесінде қаладағы үш ауысыммен оқытатын 4 мектептің жүктемесі жеңілдеді.

Қасымхан Сенғазыев, қалалық білім басқармасының басшысы:

- 2025 жылы бізде тағы да 7 жайлы мектептің құрылысы жоспарланды. Осы жайлы мектептерді қолданысқа беру арқылы біз қаламыздағы қалған 4 үш ауысымды мектептің және 5 шамадан тыс оқытып жатқан мектептің мәселесін шешетін боламыз. Биыл салынатын мектептердің басым көпшілігі халық тығыз орналасқан Нұра ауданында және Алматы ауданында.

7 мектептің құрылысын жаңа оқу жылына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жоба жүзеге асқан соң қаладағы үш ауысымды мектептер мәселесі толық жойылады, дейді сала мамандары. 

Еркебұлан Смадияров, Ақылбек Есімсейіт