Оңтүстік Кореяда Қостанайдағы автокластер үшін мамандар даярланады

Оңтүстік Кореяда Қостанайдағы автокомпоненттер кластері үшін мамандар даярлаудың үшінші кезеңі өтіп жатыр. Қазір Пусан қаласындағы Дон Ый университетінде Қостанай өңірлік университетінің бес студенті білім алып жүр. Олар корей тілін және автомобиль жасау ісін меңгеріп жатыр.

Екі жоғары оқу орны арасында ынтымақтастық туралы меморандумға 2023 жылы қол қойылған. Алғашқы екі легтің қатысушылары қазірдің өзінде Қостанайдағы автокластер нысандарында жұмыс істеп жүр. Биыл күзде мұнда кореялық автоөндірушінің зауытын ашу жоспарланған. Кәсіпорынның жобалық қуаты – жылына 70 мың автокөлік.

Ли Им Гон, Дон Ый университетінің проректоры:

- Қазір біз автомобиль инженериясы бойынша қос диплом бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Алғашқы үш семестр студенттер Қостанай университетінде оқиды, 4-6 семестрлерді Дон Ый университетінде өткізеді, содан кейін Қостанайға тәжірибеден өтуге оралады. Біз болашақтың көшбасшысына айналуы тиіс Қазақстанның әлеуетіне сенеміз және елдің автомобиль өнеркәсібін алға бастайтын жаңа таланттар буынын даярлай аламыз деп ойлаймыз.

Дияр Сертаев, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің студенті:

- Біз мұнда гидромеханика пәнін оқып жатырмыз. Бұл Қазақстанда өтпеген біз үшін жаңа пән, әрі өте қызық. Содан соң жасанды интеллектіні үйренеміз. Қазіргі заманда, әсіресе әлемде жасанды интеллект кез келген мамандықта маңызды. Үшінші пәніміз – кип стоин дизайн. Ол да сызбаларға қатысты. Біздің мамандық үшін геометрия, сызу және адамдармен коммуникация аса маңызды.