Қазақстанда 217 мың түлек мектеппен қоштасады
Әне-міне дегенше оқу жылы да аяқталуға жақын. Биыл 217 мың түлек мектеппен қоштасады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі айтты. Үкімет басшысы ҰБТ-ны жоғары деңгейде ұйымдастыруды және студенттер мен оқушыларды жазғы жұмыспен қамтамасыз етуді тапсырды.
Санаулы күндерден соң оқу жылы аяқталады. Биыл 217 мың түлек мектеппен қоштасып, өмірдің жаңа кезеңіне кадам баспақ. Олардың ішінде алтын белгіге үміткерлер саны 10 мыңнан сәл асады. Қазір 9 бен 11-сынып мектеп бітірушілерінің қорытынды емтиханға дайындығы қызу.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Мектеп бітірушілер саны – 217 мың оқушы. Оның ішінде Алтын белгіге үміткерлер саны алдыңғы жылдардағыдай 5% құрайды. Оқу жылын «Білімім – Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаттарын өткізумен аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар педагогикалық кеңестің шешіміне сәйкес мектеп түлектеріне арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты шараны 23-24 мамырда өткізу ұсынылды. Аттестаттарды табыстау рәсімі 18-20 маусым аралығына белгіленіп отыр.
Ендігі мақсат – оқу жылын сәтті аяқтап, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру. Биыл елдегі 10 мың сауықтыру орнында 3 миллионнан астам бала каникулын өткізеді. Олардың ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарынан және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға басымдық беріледі. 10 мың бала тегін жолдамаға ие болады.
Бұл тұста үйінен ұзап кеткен оқушының денсаулығын сақтау маңызды. Сондықтан маусым басталғанға дейін әрбір лагерь санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны алуға міндеттеліп отыр.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Жазғы кезеңде балалардың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әр маусымдық лагерьде санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары бекітілді, лагерьдің басшылығымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінде жедел желі ұйымдастырылды. Былтырғы маусымда 37 лагерь уақытында қорытындысын ала алмай, балаларды қабылдауды кеш бастаған болатын. Жазғы сауықтыру демалысын ұйымдастыру кезеңінде ата-аналарды уақтылы хабардар ету де маңызды болып табылады. Сондықтан ата-аналарға министрліктің веб-сайтындағы тізімге енгізілген лагерьлерді таңдауға және лагерьге жібермес бұрын балалардың денсаулығын бақылауға кеңес беріледі.
Жауаптылардың баядамасын тыңдаған Премьер-министр жазғы демалыстағы балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударды. Бірқатар министрлікке оқушылардың толыққанды демалуы үшін қажетті жағдайлар жасауды тапсырды. Олжас Бектенов: «Әсіресе лагерлердегі санитариялық жағдайға және нысандардағы өрт пен терроризмге қарсы қауіпсіздік талаптарын бақылауды қамту керек», – деді. Сондай-ақ су айдындары мен бассейндердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетін қойды. Бұған қоса әрбір бала орталығы мен лагерьге және көпшілік іс-шара өтетін орындарға «учаскелік полиция инспекторын» бекітуді тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Ата-аналарға айтарым: мектеп бітіру кештерінде ең бастысы жазғы демалыс кезінде балаларды қараусыз қалдырмаған жөн. Осыған баса көңіл бөлуді сұраймын. Ата-ананың аялы алақаны мен мейірімі баланың жанын жақсылыққа бөлейді. Олардың бойындағы адамгершілік негіздері қоғамдық ортадағы іс әрекеті мен отаншылды қасиеттерінің барлығы бірінші кезекте отбасыда қалыптасады. Ешқандай министрлік ата-ана қамқорлығы мен тәрбиесін алмастыра алмайды.
Отырыс соңында Үкімет басшысы, мектепте белсенділік танытып жүрген спортшы балаларды, жарысқа тек патрульдік полициямен апаруды тапсырды. Ол жуырда болған жағдайды еске салып: «Енді өзге елді мекендегі сайысқа оқушыларды апарғанда жолды полиция бастап жүруге тиіс», – деді.
Авторлары: Альмира Оразбай, Артур Горшняков