Қызылордада мектеп жанындағы лагерьлер жаңа форматқа көшті
Қызылордада Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ерекше танымдық шаралар қолға алынды.
Олардың дені мектеп жанындағы лагерьлерде ұйымдастырылуда. Мұнда ұлттық өнер мен жұмысшы мамандықтар таныстырылып, қауіпсіздік негіздері үйретіліп жатыр. Биыл өңірде 170 мыңнан астам бала жазғы демалыспен қамтылады. Оқушылардың басым бөлігі, мектеп жанындағы лагерьлерге барады. Сондықтан білім ұяларындағы танымдық шаралардың мазмұнына ерекше мән беріліп отыр, дейді мамандар.
Ахмет Байтұрсынов атындағы № 211 мектеп жанындағы жазғы демалыс лагеріне 65 бала тіркелген. Олар 10 күн бойы ерекше танымдық форматтағы шараларға қатысады. Мұнда балаларға жұмысшы мамандықтардың қыр-сырын таныстыруға арналған ойын-сабақтар, квест, тренинг, зерттеу жұмыстары ұйымдастырылып, еңбек пен тұрмыстық өнерге баулуға басымдық беріліп отыр. Мұнан бөлек ұлдар саздан қыш ыдыс жасап, ою ойып үйренсе, қыздар моншақтан әшекей бұйымдар мен жүннен кәдесыйлар дайындауды меңгереді.
Айжан Әлімова, мектеп директоры:
- Бұл жәй ғана демалыс лагері емес, бұл білім мен тәрбие, тіл мен рух, дәстүр мен жаңашылдық қатар өрілген жаңа форматта ұйымдастырылып жатқан лагерь деуге болады. Лагерьде сергіту сәті ерекше форматта өтіп жатыр деуге болады. Ұлттық ойындар - асық ату, тоғыз құмалақ, бестемше денені ғана емес, сонымен қатар логикалық ойлауды, стратегия құруды дамытады. Біздің мақсатымыз тілге, елге, сөзге адал ұрпақ тәрбиелеу.
Сонымен қатар бұл мектепте «Тіл білімі» жобасы жүзеге асып келеді. Жоба аясында балалардың сөздік қорын дамыту, шешендік өнерге баулу көзделген. Кітап оқуға ынталы, әдебиетке жақын балалардың қатары да көп.
Ботагөз Қамидоллаева, тәрбиеші:
- Оқушылар сонымен қатар түрлі жыр-дастандарды, өлеңдерді жаттап, түрлі сайыстарға қатысып жатыр. Сөйлеу мәдениетін қалыптастыру үшін қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауға тәрбиелеу үшін, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту үшін де еңбекке баулу жұмыстары жасалып жатыр.
Ұстаздардың айтуынша, балалардың жазғы демалысын пайдалы әрі қауіпсіз өткізу үшін тынығу лагерлерінде білім мен тәрбие ұштасқан арнайы әдістемелер енгізілген. Оқушылар түрлі саяхаттарға да шығады. Бұл жолы төтенше жағдайлар қызметі ұйымдастырған көрмені тамашалады. Құтқарушы мамандығы туралы мол мағлұматқа қанығып, алғашқы медициналық көмек, өрт сөндіру және кинологиялық қызметпен кеңінен танысты. Сонымен қатар қауіпсіздікке арналған қысқа метражды мультфильмдер көрсетілді.
Асхат Оразбеков, ТЖД басқармасының басшысы:
- Қауіпсіздік тақырыбында түрлі суреттер байқауы болады. Бұл балалардың қауіпсіздікке деген түсініктерін молайтуға септігін тигізеді.
Биыл өңірде 170 мыңнан астам оқушы жазғы демалыспен қамтылады. Олардың басым бөлігі мектеп жанындағы лагерлерге барады. Сондықтан білім ұяларындағы танымдық шаралардың мазмұнына ерекше мән беріліп отыр, дейді мамандар.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев