Түркістан облысында 41 мектеп күрделі жөндеуден өтеді
Түркістан облысында оқу жылы аяқталысымен 41 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталды.
Мемлекет басшысы былтыр қыркүйектегі Жолдауында ел бойынша 1 300 мектепті жаңғыртудан өткізу туралы тапсырма берген болатын.
Осы реновация жобасына Түркістан облысынан 115 мектеп енген. Жаңғырту жұмыстары қалай жүріп жатыр? Қанша қаржы қаралды? Құрылыс жұмыстары жаңа оқу жылына дейін аяқтала ма?
Түркістан қаласында орналасқан Абай атындағы №31 жалпы білім беретін мектеп өткен ғасырдың 70-жылдары пайдалануға берілген. Бірақ содан бері күрделі жөндеу көрмепті. Мектеп басшылығының айтуынша, әр жылдары ағымдағы жөндеуден өткен. 780 орындық білім ұясында 1900 бала екі ауысыммен білім алады. Қазір мұнда демонтаж жұмыстары жүруде.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Бұл мектепте соңғы қоңырау рәсімінен кейін бірден күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Қазір жоғарғы қабаттан бастап, есік-терезелерін шығару, сынып бөлмелерін босату, қабырғаларды қыру, заттарды қоймаға жеткізу жұмыстары жүріп жатыр. Оған 20-ға жуық адам жұмылдырылған.
60 жылдық тарихы бар мектеп әбден тозған. Едені сықырлап, есік-терезесі ескірген. Шатыры да тесіліп, астындағы ағаштары шірій бастапты. Мектеп ұжымы биылғы күрделі жөндеу жұмыстарынан үлкен үміт күтіп отыр.
Нұрбол Ахметов, мектеп директоры:
-Биылғы жөндеуде барлығы жаңадан салынады. Қабырлағалыр қырылып, сыланып, едені ауыстырылып, есік-терезелері жаңадан салынады. Сыртқы қасбеті қапталып, шатыры ауыстырылып, жаңадан жабылады.
Білім ұясын жаңғыртуға облыстық бюджеттен 705 млн теңге бөлінген. Мердігер мекеме өкілі қазір қажетті материалдар сатып алынып жатқанын жеткізді.
Еркебұлан Оңғарбай, учаске басшысы:
- Терезелерге тапсырыс берілген. Сыртқы қасбеті қаптауға дайындалып жатыр. Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіледі. Шатыры ауысады, толық жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Тамыз айының аяғына дейін толық бітіріп, кілтін табыстаймыз.
Реновация жобасына 40-50 жыл жөндеу көрмеген ауыл мектептері де кірген. Қазір өңірдегі Отырар, Төлеби, Шардара, Сауран, Қазығұрт, Бәйдібек, Ордабасы аудандарындағы білім ошақтарында демонтаж жұмыстары жүріп жатыр. Оған 20 млрд теңге қаржы қаралған.
Азамат Таңатаров, облыстық білім басқармасы құрылыс және материалдық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы:
- Бұл жаңғыртудың негізгі мақсаты - оқушыларға сапалы білім беру, қауіпсіздікпен қамтамасыз ету, пән кәбинеттері мен асханаларын, кітапханаларын жаңғырту, ғимараттарын соңғы үлгідегі жабдықтармен қамту. Біз ол бойынша мердігер мекемелер мен білім беру ұйымдарына үлгілерін бердік. Сол бойынша мердігерлер тиісті жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тамыз айының соңына дейін мектептерді пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
Реновациялық жұмыстар кезең-кезеңімен 2027 жылға дейін жүргізіледі.
Нәтижесінде алдағы 3 жылда 115 мектеп жаңғыртылады. Бұл бастама ауыл мен қала мектептері арасындағы айырмашылықты азайтып, білім сапасын арттыруға, оқушылар мен мұғалімдер үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов