Колледждерге 150 мың грант бөлінді

Жаңа оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 150 мың грант бөлінді.

Гранттарды бөлу тәртібінде биыл жаңашылдық бар ма?

Ел бойынша колледждерге құжат қабылдау маусымы басталды. Науқан тамыз айының аяғына дейін жалғасады. Тиісті гранттар көлемі бекітілді. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында нарықтағы сұранысқа ие салаларға басымдық беріліп отыр. Оқу-ағарту министрлігің ресми өкілі негізгі мамандықтар тізімін атады.

Мереке Амангелдіқызы, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі:

- Мемлекеттік білім беру тапсырысы геология, машина жасау, энергетика, IT, металлургия, көлік және тағы да басқа техникалық мамандықтар бойынша артты. Құжаттарды электрондық үкімет порталы egov.kz арқылы немесе колледжге барып тапсыруға болады. Талапкерлерге 4 мамандық пен 4 колледжді таңдап, бір уақытта құжат тапсыру мүмкіндігі берілген. 

Студенттер колледжде кәсіби білім алумен шектелмей, қосымша табыс та таба алады. Қазір 445 мемлекеттік колледж болса, соның жүзге жуығы өз өнімдерін сатады және ақылы қызмет түрлерін көрсетеді. Студенттер жиһаз бен тігін өндірісі, наубайхана мен жылыжай, дәнекерлеу мен көлік жөндеу бағыттары бойынша еңбек етеді. Былтыр жергілікті бюджеттер есебінен 91 колледж, ал қамқоршы кәсіпорындар мен жер қойнауын пайдаланушылар есебінен 13 колледж жабдықталған.

колледждердің техникалық әлеуеті

мемлекеттік колледж - 445

өнім мен қызмет ұсынатын колледж - 100

жабдықталған колледж - 104

            әкімдіктер есебінен - 91

    инвесторлар есебінен - 13     

Нартай Ибраев, Көкшетау жоғары техникалық колледжінің өндірістік оқыту жұмыстары бойынша жетекшісінің орынбасары:

- Шеберханаларымыздың өнімінің және қызмет көрсету бойынша 157 млн теңге табыс таптық. Табыс колледждің материалдық-техникалық базасын жаңартуға, құрал-жабдықтарды жаңғыртуға және студенттердің жалақысына жұмсалады. Студенттер өндірістік оқыту кезінде жұмысының өніміне байланысты, жұмыс уақытына байланысты 70-120 мың аралығында қаржы таба алады. 

Колледж түлектері шетелде еңбек ете алады

Елде алғаш рет колледж студенттерін халықаралық сертификаттау жүйесі енгізілді. Бұл бастама да жұмысшы мамандықтар жылы аясында қолға алынған. Кәсіби бағалаудың жаңа әдісі Certiport платформасы негізінде жүзеге асырылады. Ол әзірге елдегі 5 колледжде пилоттық режимде қолжетімді. Платформа әлемнің 152 елінде пайдаланылады. Соның ішінде АҚШ, Канада, Австралия, Еуропа, Азия және Таяу Шығыстың мемлекеттері бар.

студенттерді халықаралық сертификаттау

негізгі платформа - Certiport

пилоттық режим - 5 колледж

қолданыс аясы - 152 ел

Мереке Амангелдіқызы, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі:

- Елордалық политехникалық колледждің 4 студенті емтиханды сәтті тапсырып, алғашқы сертификаттарға ие болды. Сертификат алғаннан кейін студенттер шетелде жұмысқа орналасу және тағылымдамадан өту секілді нақты артықшылықтарға ие болады.  

Айта кету керек, биыл елдегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын 170 мыңнан астам студент тәмамдады. Олардың ішінде 123 мыңы жұмысшы мамандықтарын меңгерген. 27 мың түлек – дуалды оқыту жүйесі арқылы, ал 10 мыңнан астамы кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы бойынша оқыды. 

2024-2025 оқу жылының қорытындысы

Колледж түлектері - 170 мың

Жұмысшы мамандықтарын меңгерді - 123 мың

Дуалды оқыту жүйесімен қамтылды - 27 мың

Кәсіпорын тапсырысымен оқыды - 10 мың