Жас өнертапқыштар Дубайдағы сайыста жеңіске жетті

Қазақстандық өрендер халықаралық «First Off-Season» жарысында топ жарды, деп хабарлайды 24KZ. Дубайда өткен бәсекеге 4 елдің 20-ға тарта командасы қатысты. Ел атынан 80 мектеп оқушысы өнер көрсетті. Ой мен технологияны ұштастырған бәсекеде жас инженерлер өздері жасап шыққан роботтарды бәйгеге қосты.

Шешуші сын Қазақстан, Өзбекстан және әмірліктердің 4 құрамасы арасында өрбіді. Нәтижесінде Алматы облысының Смағұлов атындағы білім ошағы мен Бурабайдағы IT-лицей шәкірттері екі сайыста да жеңіп шығып, бас жүлдені еншіледі. Енді олар робот техникасын жасаудан әлем біріншілігіне қатысуы мүмкін. Қазір Қазақстан құрамасы жасақталып жатыр.

Асылбек Мұрзахметов, роботты техникадан Қазақстан құрамасының жаттықтырушысы:

- Бұл жерде халықаралық «First» жарыстары өтіп жатыр. Біз Қазақстан мен Өзбекстанда осы маусымда 150-ден жарыс ұйымдастырдық. Оқушылар арасында біз роботты техникадан танымалмыз. Сондықтан бізге түрлі мемлекеттен сұраныстар келді. Қазақстандағыдай жарыстарды Дубайда ұйымдастыруға шақырған. Сонымен келдік.