БҚО-да он бес мектеп халық игілігіне беріледі

Батыс Қазақстан облысында биыл 15 білім ордасы салынып жатса, соның алтауы «Келешек мектептері» жобасы аясында тапсырылады.

Сегіз мектеп Қарашығанақ кенішін игеруші инвесторлар есебінен бой көтереді. Ал облыс орталығындағы №8 мектептің құрылысына жемқорлардан қайтарылған қаржы бөлінді.

Оралдың орталығындағы №8 мектеп 2020 жылдан бері жабық. Әу баста білім ордасына күрделі жөндеу жоспарланған. Сол мақсатта жоба-сметалық құжаттар да жасалып, мердігерлер ғимараттың шатырын ашып та тастады. Алайда зерттеулер барысында 1952 жылы салынған ғимараттың жамап-жасқауға келмейтіні белгілі болған. 

Нұркен Молдашев, құрылыс басқармасының басшысы:

- Техникалық зерттеулер жасалып, жарықтар көп болғасын, ол іргетастары бұрын салынбаған. Бұрынғы мектеп 50-60 жылдары салынған мектеп қой. Сондықтан да бұзып тастап, қайтадан салу дұрыс деп шешім қабылданды.

Бұл нысан білім инфрақұрылымын қолдау қорынан қолдау тауып, 24 жылдың аяғында бізге қаражат бөлінген болатын. 2,9 млрд теңгеге осы 2025 жылдың ақпан айынан бастап, құрылысын бастадық. 

Қазір 400 балаға арналған мектептің қабырғасы қаланып бітті. Құрылысшылар айдың аяғына дейін төбені жабуды жоспарлап отыр. Жаңа білім ордасы барлық қажетті құралдар, пән кабинеттері, зертханалармен жабдықталады. Еңселі спорт залы мен акт залы да салынады.  Жаңа нысан қазан айына дейін тапсырылады. 

Ербол Ербаев, қала тұрғыны: 

- Қызым 8 орта білім лицейінде оқитын еді. 3-4 жылдан астам мектеп құрылысы басталғалы жол қатынасуы, мектептің басқа жерде орналасуы бізге қиыншылық туғызды. Биыл 8-ші  мектеп толықтай жаңадан салынып, біз ата-аналар атынан қуаныштымыз. 

Асқар Қосжанов, құрылыс компаниясының өкілі:

- Ғимараттың ауданы 4 мың шаршы метр. Қолданылып жатқан материалдар 100% отандық. Қазір жабдықтардың 60%-не келісім жасалды. Біз жоба бойынша құрылысты 2026 жылдың аяғына дейін аяқтауымыз керек. Бірақ барынша тездетіп, осы күзде пайдалануға береміз. 

Білім инфрақұрылымын қолдау қоры жемқорлардан қайтарылған қаржыдан құралатыны мәлім. Келер жылы аталған қор есебінен өңірде тағы 5 білім ордасын салу жоспарланған. Күні бүгін өңірде 17 мектеп апатты жағдайда деп танылған, ал 9 білім ордасында балалар үш ауысымда оқиды. 

Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов