Жетісу облысындағы жаңа мектепке «Уақыт капсуласы» орнатылды

Қайтарылған актив есебінен Жетісу облысының Рудничный ауылында жаңа мектеп салынып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Білім ордасының құрылысымен еліміздің бас прокуроры Берік Асылов танысып, облыс әкімі Бейбіт Исабаевпен бірге «Уақыт капсуласын» орнатты. Құны 2,5 млрд теңге болатын нысан 200 балаға арналған. Мекемеде оқу ғимараты, шағын орталық, балабақша, дене шынықтыру және акт залдары болады. Құрылысты келесі жылдың ортасына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Жалпы Жетісу өңірінде мемлекет аумағынан заңсыз шығарылған қаржыға 22 нысан салынып жатыр. Оның ішінде ауызсу жүйелері мен емдеу мекемелері бар

Ғалия Чукубасова, ауыл тұрғыны:

- Жаңа мектепте балаларымыз оқуды бітіріп, ары қарай басқа да балалар жақсы оқып, жақсы білім алады деп сенімдіміз.

Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры:

- 1,5 жылда елімізден заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі бізде Бас прокуратурада 1,2 трлн теңгеден астам қаражатты қайтару бойынша шара қабылдады. Бұл үлкен жұмыс деп ойлаймын. Оның 785 млрд теңгесі мемлекетке қайтарылды.