Биыл Маңғыстау облысында тоғыз мектеп қолданысқа беріледі

Биыл Маңғыстау облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында тоғыз мектеп қолданысқа беріледі, деп хабарлайды 24kz.

Озық үлгідегі білім беру ұйымдарының алтауы Ақтауда, қалғаны аудандарда салынып жатыр. Жоспар бойынша күзде 25 мыңнан астам оқушы жаңа мектеп табалдырығын аттайды.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Рауан – Ақтауға жақын жердегі ауыл. 700-дей жер үйі бар елді мекенде мектеп мүлдем болған жоқ. 400-ден астам бала автобуспен Өмірзақ ауылына қатынап оқиды. Тұрғындардың қуанышына орай қазір заманауи үлгідегі білім беру ұйымы салынып жатыр.

Сымбат Ержанқызы, Рауан ауылының тұрғыны:

- Жақсы болып жатыр енді. «Балаларымыз бұйырса, қыркүйектен бастап осы мектепке барады», - дейді. Жалпы енді Өмірзақ мектебіне қатынау бұрын бізге өте қиын еді. Балаларды қыстың кезінде ерте тұрғызуы бар. Оларды жіберуі бар. Енді автобус тасып тұрғанымен, сонда да қиын. Ата-аналар жиналысы болады.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында құрылысы басталған мектеп қыркүйекте ашылады. Ғимарат кең әрі жайлы оқу кабинеттермен қамтылады. 600 оқушы бастауыш және жоғары сыныптарға қабылданып, екі ауысымда оқиды. «Биыл өңірде 9 мектеп қолданысқа берілсе, үш ауысыммен оқу мәселесі біршама шешіледі», - дейді мамандар.

Нұрлыбек Жолбаев, Мердігер компанияның жетекші маманы:

- Құрылыс жұмыстары 3,2 млрд теңге тұрады. 95-96%-і қазір өзіңіз көріп тұрғандай, бітіп тұр. Ұсақ-түйек жұмыстары қалды аяқтайтын. Соны аяқтасақ, мына оқу жылына толық дайын болады. Сол кезде жаңағы 400-ден астам бала үйінен тасымалданбай, осы ауылында үйінен келіп оқитын болады.

Қыдыр Алдоңғаров, Білім басқармасының бас маманы:

- Маңғыстау облысында 13 мектеп, бір ауысымда 12 мың 600 орындық салу жоспарланған. 2024 жылы соның 4 мектебі тапсырылды. 4 мың 500 орындық. Қалған 9 мектебіміз 2025 жылға өтті. Қазіргі таңда бізде 9 мың 100 орындық 9 мектеп салып жатырмыз. Соның сегізін осы қыркүйек айында тапсырамыз.

Тоғыз мектептің соңғысы 16-шағын ауданда бой көтеріп жатыр. Жоба құрылысы қазан айының соңына дейін толық бітуі тиіс. Қазір Маңғыстау облысында 10 мектеп үш ауысыммен жұмыс істейді. Соның алтауы Ақтауда орналасқан.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев