NIS оқушылары химия олимпиадасында топ жарды
Қазақстан құрамасы Дубайда өткен 57-халықаралық химия олимпиадасында жоғары нәтиже көрсетті.
Ел қоржынына түскен медальдардың негізгі бөлігін Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары еншіледі. Елордадағы физика-математика бағытындағы білім ордасының қос оқушысы Абылай Қабдулхадыр мен Кирилл Ким алтын медаль жеңіп алды. Бүгін оларды әуежайда жақындары құшақ жая қарсы алды. Тағы күміс медальді Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Еңлік Бақытбекова иеленді. Айта өткен жөн, биылғы олимпиадаға әлемнің 90-нан астам елінен 360-тан аса үздік жас химик жиналды. Қатысушылар бірнеше күн бойы органикалық, аналитикалық және физикалық химия бойынша білімдерін теориялық және практикалық турларда сынады.
Абылай Қабдулхадыр, Астанадағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:
- Былтырғы олимпиадада қобалжып, екінші орыннан көрінген едім. Бұл жылы ондай олқылыққа жол бермедім. Миымды тынықтырып, тыңғылықты дайындалу үшін саябақта таза ауамен тыныстап, ұзақ жүрдім. Биылғы тапсырмалар да мен үшін жеңіл болды. Алдағы уақытта білімімді Оңтүстік Кореяда шыңдағым келеді.
Жаңбыржан Бекболатов, Астанадағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры:
- Жалпы осы олимпиадаға әлемнің 93 мемлекеті қатысады. Оның ішінде 360-тан астам оқушы қатысады. Олар 7-сыныптан бастап дайындалады, іріктеледі. Күн-түн демей, мұғалімдермен бірге дайындалу арқылы осындай жеңіске жетіп отыр.