Қазақ тілді бес жасанды интеллект жобасы ұсынылды

Назарбаев Университетіне қарасты Ақылды жүйелер мен Жасанды интеллект институтында қазақ тілді бес жасанды интеллект жобасы ұсынылды.

Ойлан, Мәңгісөз, Тілсинк, Бейнеле және Мәңгітас деп аталатын жобалар үш тілде жұмыс істейді. Алайда басқа цифрлық құралдардан ерекшелігі, аталмыш жобалар қазақ тілінде сапалы мағлұмат беруге қауқарлы. Мәселен, Ойлан жобасының жаңа нұсқасында қолданушылар ақпаратты кириллицада ғана емес, латын қаріпінде де сұрата алады. Мәңгісөз жүйесі аудионы 4 тілде дыбыстап, аударуға бейімделсе, Тілсинк нақты уақытта субтитр және аударма құралы ретінде жұмыс істейді. Ал Бейнеле жобасының мәтіндік сұраныс арқылы мәдени ерекшеліктерді ескере отырып, визуалды контент жасауға мүмкіндігі бар. Мәңгітас жүйесі арқылы жасанды интеллект мүмкіндіктерін мектептерде және мемлекеттік мекемелерде пайдалануға жол ашылмақ.

Ербол Әпсалямов, ISSAI атқарушы директоры:

"Жылдың аяғына дейін біздің жоспарымыз мультимодалдық модель жасау. Яғни ол аудиомен де, текстпен де, суретпен де, видеомен де жұмыс істей алады. Осы күнге дейін 120-дан астам ғылыми-зерттеу мақаланы жаздық. Барлығы дүниежүзілік танымал конференцияда жарияланған".