Жаркенттегі жаңа мектеп орын тапшылығын шешті
Былтыр «Келешек мектептері» ұлттық жобасымен 105 мектеп ашылса, оның 40%-і ауылдық жерлерде салынды. Биыл тағы 112 заманауи мектептің құрылысы аяқталады. Сөйтіп, екі жылда ел бойынша 460 мың оқушы жаңа мектепте оқуға мүмкіндік алады. Сондай мектептің бірі Жаркентте бой көтерді. Былтыр салынған мектепке қаладағы бала саны көп 9 білім ұясынан мыңнан аса оқушы ауысты.
Жаркенттегі жаңа мектеп былтыр қараша айында пайдалануға берілді. 1200 орындық мектеп шаһардағы орын тапшылығын шешті. 10 блогты ауқымды ғимаратта жоғары сынып пен бастауыш оқушылыры бөлек оқиды. Мұғалімдер мен балаларға арналған коворкинг алаңы бар. 64 сынып заманауи техникалық базамен жабдықталған.
Айгүл Дарубаева, мектеп директоры:
- «Келешек мектептерінің» басқа типтік мектептерден ерекшелігі материалдық-техникалық базасында және мекептің ғимаратының көлемі 15-20% кең екендігінде. Сонымен қатар техникалық жарақтанудың 4 есе артықшылығында. Мектепте робототехника кабинеттері, STEM-зертханасы, сондай-ақ ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған арнайы кабинеттер бар.
Мектепте сапалы білім беріп қана қоймай, баланың шығармашылығын шыңдау үшін түрлі үйірме ашылған. Мәселен, сурет салу, домбыра сыныптары мен хореография залдары жұмыс істейді. Робототехникаға әуес балаларға да жағдай жасалған. Тігін, ағаш және темір шеберханасы бар. Оқушылырдың демалысын тиімді пайдалану үшін үйірмелер жаз уақытында да жұмыс істеп жатыр.
Әлима Ғалымжан, оқушы:
- Осы мектепке келгеніме өте қуаныштымын. Өте дамытылған мектеп екен. Бұл жақта тек оқып емес, хоббиімді де дамыттым. Осы жақта мен гипстен заттар жасадым және тігу, тамақ жасау қабілеттерін әрі қарай жетілдірдім.
Биыл өңірде тағы бір «келешек мектебі» пайдалануға беріледі. Білім беру ошағы Алакөл ауданындағы Достық станциясында салынып жатыр. 600 орынға арналған мектептің жобасының құны 4,5 миллиард теңге. Жалпы облыста «Білім беру жүйесінің инфрақұрылымын дамыту» бағдарламасы аясында 7 мектептің құрылыс жүрып жатыр.
Авторлары: Мерей Бает, Гүлнар Жантасова, Олжас Байбосынов