Биыл түрлі жанрдағы 118 әдеби шығарма жарық көреді

 Жыл аяғына дейін 118 әдеби шығарма жарық көреді.

 Оның ішінде балалар әдебиетіне де көңіл аудару басым. Тіпті, жазушыларды ынталандыру мақсатында «Айбоз» ұлттық сыйлығы мен Президенттік сыйақыға да аталған жанр енген. Ал жеткіншектерге арналған туындыны мемлекеттік тапсырыспен жазу жылына 30 өтінішке дейін артқан. Жалпы ел аумағында мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты 3 мың 900-ге жуық кітапхана бар. Соның көбі өңірлерде. Осы ретте кітапханалардың жағдайын жақсартып, интернет тартып, қорын толтыру үшін жұмыс жоспары бекітілген. Соның бірі қоғамдық маңыздағы әдебиеттерді қаржылай қолдап, ауыл-аймаққа тарату. 2017 жылдан бері 5 млн оқулық діттеген жерлерге жеткізілген. Сондай-ақ ТМД архивіндегі елге қатысты тың мәліметтерді түгелдеу үстінде. Жалпы кітап саласына көзқарас салмақты екені айтылды. Салықтан босатудың өзі – баспа ісін ілгерлетуге мүмкіндік.

Алмаз Мырзахмет, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі архив, құжаттама және кітап ісі комитеті басқармасының басшысы:

- Қазіргі біздің әлемдік ахуалға байланысты техникалық құралдар болсын, қағаз мәселесі болсын басқа да дүниелер өз талаптарын қойып жатыр. Сондықтан кітап саласының салықтан босатылу бастамасын біз жылы қабылдадық. Және баспагерлер де мұны үлкен қуанышпен қарсы алды деп айта аламыз. Алдағы уақытта заң күшіне енгенде кітап саласына жаңа серпін береді деп есептейміз.   

2100-ден астам әлеуметтік жоба жүзеге асырылып жатыр 

Елде 22 мыңнан аса үкіметтік емес ұйым бар. 275 мың адам тұрақты түрде волонтерлікпен айналысып келеді. Соңғы 2 жылдағы волонтерлік негізінде ұлттық және 20 өңірлік фронт-кеңсе жұмыс істейді. 27 мыңнан артық іс-шара ұйымдастырылған. Құқықтық волонтерлік те қарқын алған. Бүгінде 3 жарым мыңнан астам заңгер, адвокат, нотариус пен заң факультеттерінің студенттері халыққа тегін құқықтық көмек көрсетеді. Жыл басынан бері 10 мыңға тарта азамат кеңес алған. Еліміз келер  жылы өтетін Халықаралық волонтерлер жылына қызу дайындалып жатыр. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс саласында да белсенділік артып келеді.

Елдар Сапаров, ҚР Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары:

- Осы 2025 жылдың бірінші жарты жылдығының өзінде 33 млрд аса теңгеге 2100 әлеуметтік жоба жүзеге асып жатыр. Одан бөлек біз гранттық қаржыландыру бойынша ережеге тиісті өзгерістер енгіздік. Соған сәйкес ендігі кезекте ҮЕҰ-дар қағазбастылыққа емес керісінше жобаның мазмұнына, мәніне мүмкіндік алды көңіл аударуға. Неге десеңіз, конкурстық рәсімдеу процедураларына өзгерістер енгізілген болатын.