Ұлытау облысында кәсіптік білім беру ұйымдары жаңғыртылуда

Ұлытау облысында жұмысшы мамандықтар жылына орай мемлекетке қарасты техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары қайта жаңартылуда, деп хабарлайды 24kz.

Қазір Жезқазғандағы екі колледжде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оған облыс қазынасынан 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Ауқымды жаңғырту жұмыстары екі жылға жоспарланған.

Жезқазған музыкалық колледжі өңірдегі өнер мен мәдениет саласының мамандарын даярлайтын жалғыз оқу орны. Өзінің 60 жылдан астам тарихында алғаш рет күрделі жөндеуден өтуде. Осыған дейін тек ішінара ағымдық жөндеумен шектелген нысан жаңа кейіпке енеді. Екі кезеңге жоспарланған жұмыстың алғашқысында ғимараттың қас беті жаңғыртылып, су, жылу құбыры мен электр жүйесі толық ауыстырылады.

Жұмат Аманбеков, колледж директоры:

- Демонтаж жұмыстары қазір толығымен аяқталды. Қазіргі уақытта енді 5-қабатта ішкі әрлеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл жөндеу жұмыстарының аяқтау уақыты1 қыркүйек.

Күрделі жөндеудің екінші кезеңі жаңа технология бойынша жүзеге аспақ. Ғимараттың негізгі тірек конструкцияларын көміртекті талшықпен күшейту жоспарлануда. «Бұл әдіс дәстүрлі металл құрылғыларымен салыстырғанда жеңіл әрі ғимаратқа артық салмақ түсірмейді», - дейді мердігерлер.

Азамат Әлжанов, мердігер:

- Бұл материал өте ерекше. Металл бұйымдар секілді шірімейді. Ғимараттағы ақауды осы қалпында қатырып сақтап қалады. Нығайту жұмыстары іргетастан бастап толықтай жүргізіледі.

Дәл осындай жаңғырту жұмыстары Жезқазғандағы ең көне ғимараттардың бірі саналатын Технология және сервис колледжінде де жүріп жатыр. Әбден тозығы жеткен нысанды жөндеуге облыс қазынасынан 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұдан бөлек жұмысшы мамандар даярлайтын оқу ордасының материалдық-техникалық базасын нығайты да көзделіп отыр.

Мереке Фазылова, колледж директорының міндетін атқарушы:

- Терезе, жылыту жүйесі, су құбыры деген сияқты, шатыр жұмыстары соның барлығы биылғы жарты жылдықта қарастырылады. Жұмысшы мамандықтар жылында бізге осылай көңіл аударып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге көмек бергендеріне алғыс айтамын.

Жалпы өңірде мемлекетке қарасты кәсіби және техникалық білім беретін 11 колледж бар. Соның үшеуі күрделі жөндеуді қажет етеді. Жергілікті билік оларды кезең-кезеңімен жаңғыртуды жоспарлап отыр. Бұл ретте демеушілер қаржысын тарту да көзделген. Мысалы, биыл жер қойнауын пайдаланушы компания есебінен Қаражал қаласындағы тау-кен металлургиялық колледжіне спорттық құралдар мен жиһаздар сатып алынып, оқу полигоны салынады.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов, Гүлшаһира Серекбаева