217 азамат «Болашақ» стипендиясын жеңіп алды
217 азаматқа «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалады. Бұл туралы Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысында айтылды.
Жиын Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен өтті. Стипендия иегерлерінің 167-і магистратурада, 13-і докторантурада оқиды. Сондай-ақ 37 азамат әлемнің ең үздік университеттерінде кәсіби тағылымдамадан өтеді. Олардың 67,7%-і жаратылыстану-техникалық, ал 32,3%-і әлеуметтік-гуманитарлық бағыттарда білімін жетілдіреді. Жалпы конкурсқа қатысуға мыңға жуық адам өтінім берген. Сондай-ақ ғылыми тағылымдамадан өтуге 165 адам өтініш білдіріп, тек 68-і іріктеуден сүрінбей өтті. Олар стипендия алып, әлемдегі жетекші ғылыми және зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өтеді.