Жамбыл облысындағы колледждерде ашық есік күні өтіп жатыр

Жамбыл облысындағы кәсіптік білім беру мекемелерінде ашық есік күні өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Түлектерге кәсіптік бағдар беретін шара тамыз айының соңына дейін жалғасады. Мектеп түлектері мен ата-аналар өңірдегі барлық колледжге барып, материалдық базасымен таныса алады. Мысалы Қаратау құрылыс-техникалық колледжінде «Мамандықтар жәрмеңкесі» өтті. Келушілерге 11 мамандық бойынша ақпарат берілді.

«Мұндай шара жұмысшы мамандықтарын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді», - дейді ұйымдастырушылар. Бүгінде Жамбыл облысындағы 42 колледжде 28 мыңнан аса студент 104 мамандық бойынша білім алып жатыр.

Индира Қожамбаева, колледж директорының орынбасары:

- Мектеп оқушылары мен сол оқушылардың ата-аналарын біз осы колледждің материалдық базасымен таныстырып шықтық. Одан бөлек, осы ашық есік күнін осы тамыз айының соңына дейін жалғастырмақшымыз.