Ұлытауда жұмысшы мамандықтарға 2250 грант бөлінді
Ұлытауда жұмысшы мамандарға әлі де сұраныс жоғары.
Әсіресе құрылысшы, сантехник пен аспаздар жетіспейді. Осыған орай биыл аталған мамандықтарға берілетін мемлекеттік грант саны артты. Тегін оқуға 2250 орын бөлініп отыр. Қазір өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беретін мекемелерде құжат қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Жастардың жұмысшы мамандығын игеріп қана қоймай, өндірістік тәжірибеден өтіп, жұмысқа орналасуын жеңілдету мақсатында аймақтағы 150-ден астам кәсіпорынмен меморандум жасалған. Бұдан бөлек білім ошақтарының техникалық базасын нығайту мақсатында заманауи оқу құралдары сатып алынуда. Мәселен, Жезқазғандағы ең көне техникалық оқу орындарының бірі – Жоғары политехникалық колледжінде жаңартылған 23 оқу кабинеті, 12 зертхана мен бірнеше арнайы жабдықталған шеберхана бар.
Гүлмира Жұматова, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
- Ұлытау облысы бойынша өңірлік атлас жасалуда. Осы өңірлік алтас бойынша ең басты сала құрылыс, энергетика, ауыл шаруашылығына мән берілген. Өңірімізге қажетті «дизайнер ісі» мамандығы ашылды. Алдыңғы жылдары бізде ветеринария, экология саласы бойынша сосын есеп және аудит мамандықтары бойынша жаңа мамандықтар ашылды.