Қостанайда жаңадан бой көтерген «Келешек мектепте» ашық есік күні өтті
Қостанайда ұлттық жоба аясында салынған №31 жалпы білім беру мектебінде ашық есік күні өтті, деп хабарлайды 24kz.
«Береке» шағын ауданында бой көтерген білім ошағы 1200 орынға шақталған. Бүгінде мұнда оқушы саны толық. Арнайы ұйымдастырылған ашық есік күні ата-аналар мен балалар жаңа мектептің ішін аралап, жағдайымен танысты.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Қостанайда соңғы 3-4 жылдың аясында бой көтерген «Береке» шағын ауданын бүгінде қалашық десе болады. Сондықтан келешек мектептерінің ішіндегі ең ірісі осы жерде салынуы әбден орынды. Мемлекеттік тілде білім беретін 1200 орындық мектеп қазір оқушыға толық. Биыл жеті бірінші сынып ашылып отыр. Ал енді жабдықталуы, балалардың қауіпсіздігі, демалуы үшін жасалған жағдай ұстаз бен ата-аналардың көңілінен шығып отыр.
Надежда Сражатова, №31 жалпы білім беру мектебі директорының орынбасары:
- «Келешек мектептері» бағытында жұмыс жасап жатқандықтан, ұлттық құндылықтарға сүйене отырып, инновациялық технологияларды қолдана отырып, біздің мектептің оқушыларын функционалды сауаттылығы жоғары, яғни, өзінің білімін тек мектеп қабырғасында ғана емес, мектептен тыс өмірде оны қолдана алуға дағдыландырамыз.
Роботехника, стем-кабинеттер, био-нано технология зертханалары, асхана және акт залдары барлығы жоғары талғаммен жасалған.
Сұлушаш Қайратқызы, қала тұрғыны:
- Біздің балалардың шынымен де таланты бар деп айта аламын. Барлығымен, толығымен сай. Балалардың сапалы білім алуына мүмкіндіктер жасалған. Барлығы жоғары деңгейде, мен қуаныштымын.
Оқу-ағарту министрлігі болашақта барлық мектептерді осындай стандартқа келтіруді жоспарлап отыр.
Анна Лазарева, облыстық білім басқармасының баспасөз-хатшысы:
- «Келешек мектептері» білім беру жүйесін жаңа бір деңгейге көтерді. Замануи құрал-жабдықтар, пәндік кабинеттер бәрі балалардың креативті әлеуетін дамытуға бағытталған. Алдағы уақытта басқа мектептерде осындай стандартқа көше бастайды. Алдымен инновациялық бағытта жұмыс істейтін 1300 білім ордасында осындай жағдай жасау көзделіп отыр.
Өңірде ұлттық жоба бойынша алты келешек мектебі салынды. Соның төртеуі жаңа оқу жылында есігін айқара ашпақ. Қалған екеуі жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров