1 қыркүйек – Білім күні

Бүгін Білім күні.

Биылғы оқу жылында 4 млн 100 мыңға жуық оқушы мектеп партасына отырады. 360 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын алғаш аттайды. Оның ішінде 72 пайызы қазақ тілінде оқуды таңдаған. Ал 11-сыныпқа 232 мың оқушы көшті. Бүгінде елімізде 8 мыңнан астам мектеп бар.

Әсемнұр Қанағатбек, № 102 орта мектебінің 1-сынып оқушысы:

- Мен апайды тыңдаймын, айтқанын істеймін. Сабақты оқимын. Апайды жақсы көрем, гүл берем, құттықтаймын.

Дина Шопаева, № 102 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:

- Балалар алғаш мектеп табалдырығын аттап жатқандықтан, оларда әрине қобалжу болады. Бірақ балаларды мейіріммен, жылу алақанмен қарсы алып отырғандықтан олардың қобалжуы басылып, біздер олармен жақсы жұмыс істеп келе жатырмыз.

Айта өткен жөн, жаңа оқу жылы қарсаңында елордада жалпы саны 206 мектеп жұмыс істеп тұр. Қамтылған оқушылар саны 310 мыңнан асады. Бұдан бөлек биыл бас шаһарда бірінші сыныпқа 31 мың бала барды. 2025-2027 жылдарға арналған білім беру жүйесін жаңғырту жоспары шеңберінде 22 мектепті жаңартылады. Қазір 6 білім ордасына күрделі жөндеу жүргізілді.

Ақзира Қасымова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары:

- Өзіңіз білесіз біліммен бірге тәрбие қатар жүруі керек. Сондықтан ата-аналармен бірлесіп, "Адал азамат" бағдарламасымен саналы, тәрбиелі, табысты балаларды біз дамытып, тәрбиелеп шығамыз деген ойдамыз.

Есенбек Серкебаев, "Amanat" партиясы "Бірлік" аумақтық филиалының атқарушы хатшысы:

- Біздің сайлауалды бағдарламамыздың аясында көптеген мектепте күрделі жөндеулер жүргізіліп, үш ауысымды мектептер мәселесін шешу мақсатында бүгіннің өзінде бірнеше жаңа мектеп өз есіктерін ашқалы тұр.