Қытайда білім қуған қазақ жастары көбейді
Қытайда да білім қуған қазақстандық жастар көбейді, деп хабарлайды 24kz.
Бұған екі ел арасында қалыптасқан мәдени-гуманитарлық стратегиялық серіктестік тікелей әсер етті. Бүгінде көрші елдің жоғары оқу орындарында мыңдаған студент білім алып жатыр. Басым көпшілігі қытай тілінен бастап бүгінгі еңбек нарығындағы ең жоғары сұранысқа ие мамандықтарды оқып жүр.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қазақстан мен Қытай арасында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық нығайып келеді. Мәдениет, ғылым әсіресе, білім саласы қарқынды дамуда. Бұған екі ел арасында қалыптасқан әріптестік әсер етіп отыр. Бүгінде Қытайдың білім нарығы қазақстандық студенттердің негізгі бағытына айналған.
Диляра Жүзбай, студент:
- Оқудың бағасы біздің қазақстандық бағамен бірдей. Сосын стипендия өте көп. Әсіресе, қазақстандық студенттер үшін. Кез келген университетке тапсыруға болады. Сосын мамандығын жағынан үлкен байқау өтеді.
Диляра Жүзбай – Бейжің политехникалық институтының екінші курс студенті. Өндірістік дизайн мамандығына оқиды. Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін биыл елден арнайы ерте келіпті.
Диляра Жүзбай, студент:
- Тәжірибе алу үшін волонтерстваға қатысып жатырмыз. Көмектесеміз. Аудару керек кезде аударамыз. Қонақтарды күтіп аламыз, шығарып саламыз. Сұрақтар болса, жауап береміз.
Бүгінде қос елдің жоғары оқу орындары арасында тығыз байланыс орнаған. Өзара бірлескен жобалар көбейді. Осының арқасында Қытайда білім алу мүмкіндігі артты.
Шади Алдабергенов, Қытайдағы қазақстандық студенттер қауымдастығының төрағасы:
- Қазақстан мен Қытайдың жоғары оқу орындары бірлесіп жүзеге асырып жатқан білім бағдарламалары көп. Мәселен, мен оқитын Цинхуа университеті мен Назарбаев университеті арасында тұрақты студент алмасу бағдарламасы бар. Регламентке сәйкес жылына екі рет қазақстандық студенттер келіп білім алып тұрады.
Жүргізілген талдауға сәйкес, қазақстандық студенттер пандемияға дейін гуманитарлық мамандықтарға көп түскен. Ал қазіргі жастар генетика, биология, жасанды интеллект, электронды сауда, машина жасау сияқты техникалық мамандықтарды көп таңдайды. Қазір бұл елде 5 мыңға тарта қазақстандық студент білім алып жүр. Олардың дені Бейжің, Гуанчжоу, Шанхай, Сиань, Ханчжоу сияқты ірі-ірі қалалардағы жоғары оқу орындарында оқиды.
Нұрдәулет Нармағанбетов, студент:
- Университетте көптеген қазақтарды көрем. Әсіресе, Астана IT университетінен. «Компьютер сайнс», «Бигтэйтэ» сол жақтарынан қазақтар көп келеді. Басқа Сәтпаев университетінен қазақ студенттер келеді.
Бұдан бөлек, елімізде Қытайдың кәсіптік білім беретін Лу Бань шеберханалары көбейіп келеді. Президент Тоқаевтың осы тәжірибені тарату жөніндегі тапсырмасы аясында алғашқы орталық Шығыс Қазақстанда құрылған еді. Күні кеше Мемлекет басшысының Қытайға сапары барысында Астана мен Алматыда осындай тағы екі шеберхана ашылды. Бұл екі елдің де білім саласына ерекше мән беріп отырғанын көрсетеді.
Цзин Хунъян, Тяньцзинь білім жөніндегі комиссия жетекшісі:
- Біз негізгі алты сала бойынша 21 ынтымақтастық жөніндегі білім жобасын іске қостық. Оған энергетика, өндіріс, электронды ақпарат, көлік, экологиялық ресурстар, бизнес пен сауда кіріп отыр. Осының арқасында бірқатар елде жасанды интеллект және цифрлы экономиканы дамытатын мамандарды әзірледік. Енді кәсіби білім саласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдермен әріптестікті нығайтуға мүдделіміз.
Осылайша, Қазақстан мен Қытайдың білім саласында ынтымақтастық ұлғайып, студенттерге білімін тереңдетіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік ашып отыр.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын