Си Цзиньпин қазақ баласын Қытайға оқуға шақырды
Қытай Халық Республикасының төрағасы қазақ балаларын Қытайдағы университетте оқуға шақырды, деп хабарлайды 24kz.
1 жыл бұрын мемлекеттік сапармен келген Си Цзиньпинді әуейжайда «Ата» деп қарсы алған 10 жастағы бала төрағаның бұл ұсынысын қабылдаған. Қазір астаналық Әмірхан қытай тілін меңгеріп, осы елдің мәдениетіне қызығушылық танытып жүр. Дарынды оқушы алға қойған жоспарын арна тілшілерімен бөліскен еді.
Альмира Оразбай, тілші:
- 2024 жылдың 2 шілдесі. Бұл – Қытай Халық Республикасы төрағасының Қазақстанға бесінші рет келуі еді. Мәртебелі мейманды ел пПезиденті Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар бір топ қазақ баласы күтіп тұр. Мұндағы мақсат – Қытай басшысына ерекше құрмет көрсету.
Қытай тілінде «Қош келдіңіз» деп тілек білдірген 10 жастағы Әмірхан Қанатов Си Цзиньпинді таңқалдырғаны соншалық, Қытай төрағасы қазақ баласын өз еліндегі беделді университетте оқуға шақырды.
Альмира Оразбай, тілші:
- 10 мыңнан астам иероглифі бар қытай тілін меңгеру оңай шаруа емес. Дегенмен, бүгін соны меңгерген астаналық оқушы Әмірханмен танысатын боламыз.
- Әмірхан, нин хау ма?!
- Уохын хау, шиешие нинмен. Даджиа хау!
Биыл 11-ге толған оқушы болашақта Синхуа жоғары оқу орнына түсуге бел буған. Бір тілмен шектелмеген дарынды бала, қазір 5 тілде еркін сөйлей алады. Бұған қоса, робототехника бағытында өзін өнертапқыш ретінде сынап жүр. Жан-жақты Әмірхан фортепиано, гитара және саксафон секілді музыкалық аспаптарда да ойнай алады.
Әмірхан Қанатов, оқушы:
- Музыканы жақсы көремін. Саксафон, пианино, гитарада ойнауды жақсы көремін. Ол жақсы инструменттер. Себебі музыка – жақсы көңіл-күй.
Барлық істе белсенді Әмірхан құрдастарына ғана емес, өзінің қарындасына да үлгі. Бүгінде Райана Қанатова ағасының жолын қуып, қытай тілін меңгеруді бастап кетті.
Райана Қанатова, Ә.Қанатовтың қарындасы:
- Әмірханға қарап шабыттанамын. Ол 2 жыл бұрын «Қытай көпірі» халықаралық сайысына қатысып, жүлделі болған. Биыл мен де сол жарыста бақ сынаймын. Қытай тілін үйрену қиын. Бірақ маған ұнайды. Болашақта ағам екеуміз Қытай Халық Республикасында білім алып, Қазақстанның дамуына үлес қосуға ниеттіміз.
Арна Омарова, Ә.Қанатовтың анасы:
- Әлемдегі барлық бала данышпан болып туады. Тек оның қабілетін байқап, дер кезінде қолдау керек. Мен қазір Әмірхан мен Райананың тәрбиелі, білікті әрі білімді азамат болуына бар күшімді салып жүрмін.
Әмірханның Си Цзиньпинмен жүздесуі оның болашағын айқындап бергендей. Қазір оқушы білім көкжиегін кеңейтіп, ауқымды белестерді бағындыруды көздеген. Ал біз оның арманы орындалып, Қазақстан мен Қытай арасындағы достықтың нығаюына септігін тигізеді деп топшылаймыз.
Авторлары: Альмира Оразбай, Ғалымжан Абдылахат