БҚО-ның Байқоныс ауданында жаңа мектеп ашылды
Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданындағы Байқоныс ауылының балалары оқу жылын жаңа мектепте бастады.
«Келешек мектептері» жобасымен салынған 600 орындық білім ордасында шәкірттердің сапалы білім, саналы тәрбие алуына барлық жағдай жасалған. Өңірде жыл аяғына дейін аталған жобамен тағы 6 мектепті тапсыру жоспарланған.
Байқоныс ауылы Қадыр Мырза Әлі атындағы мектепте бұған дейін 589 бала 250 орындық ғимаратта, 3 ауысымда оқып келді. Ал бүгін ашылған білім ордасы 600 шәкіртке шақталған. Мектеп STEM зертхана, робототехника кабинетімен, визуалды дизайн, хореография залдарымен, сенсорлық және инклюзивті кабинеттермен жарақтанған.
Нұрсәуле Талипова, мектеп директоры:
- Ерекшелігі балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға өте жағдай жасалған. Қолайлы орта, қауіпсіз орта, заманауи құрал-жабдықтармен жасақталып, бүгінгі күні халқымызды қуантып жатыр. Біз бұрын оқушылардың саны өсіп, мектебімізде таршылық болып, үш ауысымда оқыдық.
«Келешек мектептері» жобасымен салынған оқу орындарының ауданы типтік мектептерге қарағанда 20%-ға үлкен, техникалық жарақтануы 4 есе артық. Аталған жоба аясында өңірде жалпы сыйымдылығы 8100 орындық 9 мектеп салу жоспарланған. Соның үшеуі тапсырылды. Төртіншісі бүгін ашылды. Қалғанының құрылысын жыл аяғына дейін тәмамдау жоспарда.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Өздеріңізге белгілі Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орта білімнің сапасы табысты ұлт болудың тағы да бір маңызды шарты, деген болатын. Бүгін міне тағы да соның бір куәсіміз. Бүгін ашылған мектеп «Келешек мектептері» бағдарламасы арқылы салынып жатқан, яғни барлық жағдайға сай.
Облыста күні бүгін 15 мектептің құрылысы жүріп жатса, соның сегізі жыл соңына дейін ел игілігіне пайдалануға берілмек.
Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов