Шетелде білім алған қазақстандық ерекше жандарға арналған сайт ойлап тапты
Шетелде оқу оқып, елге оралған отандасымыз елде жоқ платформа ойлап тапты, деп хабарлайды 24kz.
Көкшетаулық азаматтың қолынан шыққан жобаға елдегі ерекше жандар алғысын жаудырып жатыр. Медет Мукушев есту қабілеті нашар адамдарға арнап сайт ашқан. Ал оның басқа платформалардан ерекшелігі мен артықшылығы қандай?
Шерхан Абзалұлы, тілші:
- Медет Мукушев – Малайзиядағы Апу университетінің түлегі. Әлемнің беделді оқу ордаларының бірінде оқыған ол өзгелер секілді шетелде емес, туған жерге туын тігуді таңдады. Жырақта жүріп тоқыған білімін елдің пайдасына жаратты. Есту қабілеті бұзылған адамдарға арнап «Айым кз» сайтын ашты. Енді ерекше жандар Медеттің арқасында ым тіліне қажеттінің бәрін бір платформадан таба алады.
Медет Мукушев, жоба авторы:
- Біз басында сөздіктен бастадық. Сосын кітаптарды қостық. Мәтінді ым тіліне, ым тілінен қайта аудару функциясын қостық. Қазір «Дуолинго» ретінде адамдар ым тілін үйрену үшін адамдарға қызықты болсын деп курстар дайындап жатырмыз.
Ғылыми жобаны жасауға Медет 6 жылын жұмсады. Қазір сайт тесттік режимде жұмысын бастады. Жыл соңына дейін толық іске қосылмақ. Жобаны жетілдіру үшін өзі сабақ беретін Назарбаев университетінің студенттерін қасына алып, тәжірибесімен бөлісіп жүр. 3 бағытты қамтитын сайттың ерекшелігі – ым тіліне арналған онлайн сөздік.
Аружан Қалтай, студент:
- Біздің бірінші функциямыз ол – сөздік. Ішінде 1200-ден астам сөз бар. Жақында біз оны 11 мың сөзге дейін көбейтетін жоспарымыз бар. Мысалы кірсек, «отбасы» сөзі бар. Және «әже» деген сөзді ол ым тіліне аударып беретін бейнебаяды көреміз.
Сондай-ақ cауат ашатын сайтта ым тілін қазақ, орыс, ағылшын тіліне немесе керісінше, ым тілінен осы аталған үш тілге ақысыз аударуға болады. Бұл үшін платформаға арнайы жасанды интеллект енгізілген.
Жоба авторы, әсіресе сөздік жасау оңайға соқпағанын айтады. Қимыл-қозғалыстың қатесіз, сөздіктің сапалы болуы үшін кәсіби сурдоаудармашылардың көмегіне жүгінген. Соның арқасында сайттан ым-ишара тіліне аударылған кітаптарды оқуға болады.
Даниал Баян, студент:
- Мұнда 15 түрлі кітап бар. Қазақ, ағылшын, орыс тіліндерінде оқуға болады. Мәселен, «1 жарым жарым дос» ертегісі. Біз таңдаған сөзді аватар ым тіліне аударып отырады. Айтпақшы, бұл тек тесттік режим. Алдағы уақытта бұл аватарды жасанды интеллект арқылы адам келбетіне ауыстырамыз.
Медеттің ендігі жоспары жасанды интеллект арқылы кез келген сайтты санаулы секундта ым тіліне аударатын жүйені ойлап табу. Қазір бұл стартаптың сызбасы сызылып жатыр. Келер жылы жүзеге асады деп күтілуде.
Авторлары: Шерхан Абзалұлы, Жандос Битабаров