Жамбыл политехникалық колледжі республикадағы 10 үздіктің қатарына енді

Жамбыл политехникалық жоғары колледжі республикадағы 10 үздік кәсіптік білім беретін оқу орындарының қатарына кірді, деп хабарлайды 24kz.

Колледжде 2,5 мыңнан аса студент білім алды. Көбі жұмысшы мамандығын таңдағандар. Білім ордасы қазір шетелдік оқу орындарымен байланыс орнатып, қос дипломдық оқыту жүйесін енгізгелі отыр.

Жамбыл политехникалық жоғары колледжі химия, машина жасау, энергетика мен құрылыс, IT, автоматтандыру сынды салаларға 30 түрлі маман даярлайды. Оқу орынында 20-дан аса зертхана мен шеберхана бар. Студенттер теорияны тәжірибемен ұштастырады. Әлеуметтік серіктестік орнатқан 120 компания-зауыттарда тәжірибе жинайды. Мәселен Жамбыл фосфор зауытында 25 студент өндірістік практикадан өтіп жүр.

Халида Жүсіпова, зауыт зертханасының бөлім басшысы:

- Олар біздің күнделікті тіршілігімізбен танысады. Біз не жасаймыз, соны практика жүзінде көрсетеміз. Солай жылда өзімізге ұнаған сол мамандықпен оқыған жастарды шақырамыз. Келеді, үйренеді, одан кейін біз өзімізге алып қалуға тырысамыз.

Биыл колледждің материалдық техникалық базасы бірнеше зертханамен толығады. Демеушілер есебінен KNAUF компаниясы құзыреттілік орталығын салып берсе, «Казфосфат» кәсіпорыны зертхананы жаңартады. Сонымен қоса, оқу ордасы Қытайдың Сиань колледжімен қос дипломдық келісімге келді.

Асхат Қартақов, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры:

- Химия саласы бойынша колледжбен меморандумға отырып, пилоттық бағдарлама бойынша, «Қос диплом» жобасы бойынша білім беру көзделіп отыр. Яғни, студент 3 жыл біздің колледждің базасында оқиды. Сосын бір жыл Қытай мемлекетінде оқып келеді.

Жалпы колледж жыл сайын  600-ге жуық жұмысшы маман даярлайды. «Олардың 90%-і жұмыспен қамтылады», - дейді мекеме басшылығы. Оқу ордасының студенттері қоғамдық іс-шара мен түрлі жарыстарға жиі қатысады. WorldSkills чемпионатының облыстық кезеңінде осы колледж студенттері 11 алтын жеңіп алған.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә