Қарағанды облысында заманауи мектеп ашылды

Қарағанды облысында Республика күні қарсаңында «Келешек мектебі» ашылды. 300 орынға арналған білім ұясы Сәкен Сейфуллин атындағы ауыл тұрғындары үшін үлкен сый болды. Мұнда оқушылардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған.

Жаңа мектепке көшкен Сәкен Сейфуллин ауылы оқушыларының қуанышында шек жоқ. STEM-зертхана, робототехника мен графикалық дизайн кабинеттері оларды ерекше қызықтырады. Ал жасанды интеллектпен жұмыс істейтін интерактивті тақталар білімді терең жетілдіруге сеп болады.

Нұрай Ермекова, оқушы:

- Бізге осындай мүмкіндік беріп отырғанына өте қуаныштымын. Осы мектепті көптен күттім. Барлығын көріп шықтым. Өте ұнады, ыңғайлы.

Мұндағы барлық оқу кабинеті заманауи үлгіде жабдықталған. 40 жыл бойы еңбек еткен Айнагүл Түсіпбекова қазір ата-аналар кеңесін басқарады. Жаңа білім ошағында оның екі немересі оқиды. 

Айнагүл Түсіпбекова, білім беру саласының ардагері:

- Жан-жақты, бұл жерде түгел зертханалық жұмыстары, күнделікті сабақ оқуға не қажет, соның барлығы осы мектептің ішінен табылады деп ойлаймын. Балам білім нәрімен сусындап өседі. Осы кентіміздің оқушылары болашақта Қазақстанның  ірі азаматтары болатынына мен сенемін.

Білім ордасында бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлімдер жеке орналасқан. Сондай-ақ қауіпсіздік шараларына ерекше мән берілген. Полициямен тікелей байланысқа шығатын дабыл және бейнебақылау жүйесі бар.

Алма Әбеуова, мектеп директоры:

- Ауылдың білім сапасын арттыру мақсатында салынып жатқан мектеп. Мектептің бүкіл кабинеттері соған сай жабдықталған. Үлкен зертханаларымен жабдықталып, үлкен жобаға енгенімізге қуаныштымыз. 

Жуырда Ақсу-Аюлы ауылында да «Келешек мектебі» ошағы қолданысқа беріледі. Жалпы соңғы екі жылда облыста жеті жаңа мектеп бой көтерсе, оның төртеуі ұлттық жоба аясында бойынша салынды. 

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Аман Хамит, Қарағанды облысы