Астанада халықаралық педагогикалық форум басталды

Астанада «Құндылық. Тұлға. Болашақ» халықаралық педагогикалық форумы басталды.

Тәлім-тәрбие мен маңызды құндылықтарға негізделген шараға елдегі мұғалімдерден бөлек, шетелдік ұстаздар да қатысып жатыр. Мамандар білім беру саласын ілгерілетуге қатысты баяндама оқып, өзара тәжірибе алмасуды көздеген.

Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы.. Ұстаздан алған әр сабақты өмірлік азық ретінде қолдана білу, сол арқылы тұлға болып қалыптасу жолында құндылықтарды ұмытпаған жөн. 40 жылдық тәжірибесі бар Нағиша Есбосын өзінің баяндамасында осылай деп, форумға қатысушы жас мұғалімдерге кеңесін айтты.

Нағиша Есбосын, Қазақстанның Еңбек сіңірген ұстазы:

- Қазіргі мұғалімдер тек өздерінің дәстүрлі сабақтары немесе жасанды интеллектіні қоссын, тек өздерінің дайындығымен келмей, сол сабаққа оқушылардың тікелей араласуына мүмкіндік жасаса, ізденсе нұр үстіне нұр болар еді.

Ертең де жалғасатын форумға қазақстандық 130 педагог пен Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Татарстаннан келген мұғалімдер арнайы қатысып жатыр. Шетелдік ұстаздар еліміздегі білім саласының даму бағытын жоғары бағалады.

Азимджон Муллоев, Тәжікстан Республикасы білім беру ұйымының мұғалімі:

- Қазіргі заманда балаларға құр сөзбен ақыл айту қиын. Дегенмен, мұғалім түрлі жолдармен оқушының тілін тауып, оларды білім нәрімен сусындатуы қажет. Біз бүгін Қазақстандағы білім саласының дамуына тәнті болып отырмыз. Біздің бөлісерімізден бөлек, сіздерден аларымыз да көп екен. 

Білім беру сапасын арттыруда құндылықты жоғалтпай, заманауи тетіктерді енгізу маңызды. Қазір Астанадағы 150-ден астам мектептің бірқатарындағы оқу бағдарламасында жасанды интеллектінің элементі бар. Оның ұстаздар мен оқушыларға пайдасы зор екен. 

Сындар Дауешова, қалалық білім басқармасы әдістемелік орталықтың басшысы:

- Мұғалімдеріміз жасанды интеллектіні қолданып жатыр, зертханалық лаборатория сондай жұмыстарын көрсетіп жатыр. 101 мектепті айтуға болады, 184 мектепті. Бұл жерде басты мақсат ЖИ-ға толық кіріп көшіріп алу емес, оны жұмыс барысында қажетті жерде қолданып, әркім өзінің уақытын тиімді пайдалану бағытында қолданып отыр. 

Қалалық әкімдік қолдауымен Білім басқармасының ұйымдастырған форумы биыл бірінші рет өтуде. Мамандар оны алдағы уақытта жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр. 

Альмира Оразбай, Мұрат Арипханов