Атырауда екі «келешек мектебі» ашылды
Атырауда екі келешек мектебі ашылды.
Әрқайсысы 900 орындық қос білім ордасы өңірдегі үшауысымды мектеп мәселесін шешеуге мүмкіндік береді. Жалпы облыс бойынша 6 келешек мектебі пайдалануға берілді. Тағы үшеуінің құрылысы биыл аяқталады.
Жаңа мектептің ашылуы – «Жұлдыз-3» ықшам ауданының тұрғындары үшін көптен күткен қуаныш болып отыр. Балалар бұған дейін қала орталығындағы мектептерге барып, білім алып жүрді. Әрине, қатынау кейде қиындық тудыратын. Енді үшінші тоқсанды жаңа оқу ордасында бастайды.
Күлән Үмбетәлиева, қала тұрғыны:
- Балаларымыз өте қиындық көрді. Апару керек, оны әкелу керек, тасу керек. Екі ортада автобус жоқ. Сондай көп қиындықтар көрдік. Енді мына бүгінгі күні үлкен қуанышқа кенеліп жатырмыз. Енді балаларымыз осы мектепке келіп, жаңа мектепке келіп, жаңа қарқынмен оқиды деп қуанып жатырмыз.
Жаңа келешек мектебіне қазірдің өзінде 630 оқушы қабылданған. Үшінші тоқсан басталғанда балалар саны 900-ге дейін жетеді,- дейді мектеп директоры. Заманауи білім ордасында оқушылар үшін барлық жағдай жасалған.
Гүлмира Қалиева, №49 жалпы білім беретін мектеп директоры:
- Бұл жәй ғимараттың ашылуы ғана емес, арманның орындалуы деп есептейміз. Заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда STEM-кабинеттері, робототехника кабинеттері және спорт зал бар. Спорт залымыздың саны үшеу. Акт залдар бар және хореография бөлімдері бар.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Жаңа мектеп кітапханасында қазір 5 мың кітап бар. Қазақтың классик ақын-жазушыларынан бастап, әлем әдебиетіндегі айтулы шығармаларды осы жерден табуға болады. Бұдан бөлек мектепалды даярлық пен бастауыш сынып оқушылары үшін балалар шығармалары да топтастырылған.
Қала іргесіндегі Ақсай-2 ауылында да көптен күткен мектеп ашылды. Бұған дейін ауыл балалары көрші ықшам аудандарда оқып келді. Ауылдағы мектеп тарлық ететін. Енді 900 орындық жаңа білім ордасының арқасында үшауысымды мектеп мәселесі шешімін табады.
Марат Әбуов, облыстық білім басқармасының басшысы:
- Облыс бойынша үшауысымды мектептердің қатары күн санап азаюда. Жаңа ғимараттар тапсырылуы арқылы біздің 11 мектептің қатарынан қазіргі уақытта 5 мектепке түсіп отырмыз үшауысымдыдан. Енді осы екі мектеп ашылу арқылы да біздің балаларымыз қазіргі заманғы талаптарға сәйкес сапалы білім алуға және сапалы тәрбие алуға, сонымен қатар қосымша біліммен қамтылуға үлкен мүмкіндіктер туындап отыр.
Жалпы өңірде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 6 білім ошағы пайдалануға берілді. Тағы үшеуінің құрылысы биыл аяқталады. Бұдан бөлек білім басқармасының тапсырысы негізінде жергілікті бюджет есебінен 14 мектеп салынып жатыр.
Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин